Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары лицензиялаудан өтуге міндетті болады
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар лицензия алуға міндетті болады.
Жаңашылдық 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек министрлігінің басшысы Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көрсетілетін көмектің сапасын арттырады. Рұқсаттарды Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті береді. Процесс толығымен цифрландырылған. Меншік нысанына қарамастан барлық субъектілер лицензиялауға жатады.
Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде 110 мың адам мұндай қызметті алады. Оларды 1000-нан астам ұйым қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап елімізде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі іске қосылып, оның көмегімен әрбір қызмет алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемдері айқындалатын болады.