Алматы қаласы мәслихатының алдағы сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасын қарау жоспарлануда. Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтарды әлеуметтік қолдау негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Осылайша, жаңа бюджет қаражатының бір бөлігі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға және инклюзивті қалалық ортаны құруға бағытталатын болады.
Алматыда «Инватакси» қызметіне сұраныстың жоғары болуына байланысты автокөліктер саны 130-ға дейін өсіп, 2,7 мыңнан астам мүгедектігі бар жанды көлік қызметімен қамту көзделген. Ай сайын «Инватакси» арқылы 30 мыңнан астам сапар жүргізіледі.
Сонымен қатар, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы аясында азаматтардың сегіз санаты үшін өтемақы төлеу 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін жалғасады, бұл коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуін өтейді.
Алматыда 2025 жылы мүгедектігі бар жандар бос жұмыс орнын іздеуден бастап жұмыс орнында бейімделуге дейінгі жұмысқа орналасудың барлық кезеңдерінде қолдауға бағытталған жаңа Jobcoach жобасы іске қосылады. Жоба Берлиндегі табысты жұмысқа орналастыру тәжірибесіне негізделген және қызметкерлер мен жұмыс берушілерге көмектесетін арнайы дайындалған тәлімгерлердің жұмысын қамтиды. 2025 жылы 300 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Маңызды бағыт кедергісіз орта құру болып қала береді. 2025 жылы 32,5 мың нысанды, оның ішінде тұрғын үйлерді, қоғамдық орындарды, тротуарлар мен аялдамаларды паспорттау, 1,5 мың қалалық инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарлануда.