Экс басшы өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін заңсыз иемденді және жымқырды деп айыпталды.
Ол 2017-2023 жылдар аралығында «Тұрғылықты жері жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығының» басшысы қызметін атқара жүріп, адамдарды жалған түрде жүргізушісі, үй қызметшісі, заң кеңесшісі, медбике болып жұмысқа алған. Алайда бұл адамдар жұмыс орнына келмеген. Жоғарыда аталған кезеңдегі жұмыс уақытының кестесіне басшының өзі қол қойып, оған есептелген қаражатты (еңбекақы, сыйлықақы, демалыс ақысы) иемденген. Сөйтіп ол 11,2 миллион теңгеден астам «табыс» тапқан. Ер адам кінәсін мойындады.
Прокурор сотталушыны 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.
Қостанай қаласының №2 соты мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.