«Цифрлық отбасы картасы» жобасы аясында цифрландырылған деректер талдау және шешім қабылдау үшін аудан және облыс әкімдеріне беріледі.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру үшін енгізілген жаңа технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті таныстырды.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллектті қолдану нақты уақыт режимінде өзекті ақпаратты алуға және әкімдерге жіберілетін аналитикалық есептерді жасауға мүмкіндік береді.
— Жүйе Қазақстанда қазірдің өзінде 6 миллионнан астам отбасын цифрландырды. E-Otinish жүйесі мен 109 қызметінің деректеріне сүйене отырып, біз көптеген деректерді жинап, талдадық. Жасанды интеллект әр ауданның мәселелерін ескере отырып, ұсыныстар жасайды», — деді Жаслан Мәдиев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жүйеде әкімдердің рейтингтерін бақылаудың автоматтандырылған функционалдығы енгізілгенін, бұл олардың жұмысының тиімділігін қадағалауға мүмкіндік беретінін қосты.
«Бүгінгі күні тамыз айында жүйе енгізілгеннен бері 276 мыңға жуық отбасы жағдайы жақсарып, аз қамтылған санаттан шықты. Біз отбасылардың бір санаттан екінші санатқа қалай ауысатынын көріп отырмыз, ол автоматты түрде бақылау тақтасында көрсетіледі», — деді Жақыпова.
Риддер қаласын мысалға келтіре отырып, министр 4 айдың ішінде әлеуметтік жағынан осал отбасылардың саны 3643-ті құрағанын атап өтті, бұл ретте АИ әл-ауқатқа әсер ететін үш негізгі факторды: табыс, баспана және жұмыспен қамтуды анықтады. Жүйе жұмысының арқасында 177 отбасы жұмысқа орналасып, табыстарын арттырып, жағдайын жақсартты.
Жасанды интеллект сонымен қатар әкімдер назар аударуы керек қауіп факторларын анықтайды. Мәселен, Риддерде 141 отбасы табыссыз, 166 отбасы баспанасыз қалған. Бұл сандардың әрқайсысы оқытуға, жұмысқа орналастыруға немесе тұрмыс жағдайын жақсартуға көмектесу болсын, жеке жұмысты қажет ететін нақты отбасыларды көрсетеді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қатысты негізгі проблемаларды, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жерді пайдалану, жол және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін анықтайды. Сондай-ақ Риддерде отбасылардың айтарлықтай бөлігі зейнетақы жарналарын төлемейді, бұл жұмыссыздықтың жоғары деңгейін немесе бейресми сектордағы жұмыспен қамтуды көрсетуі мүмкін.
«Әкімдер бұл мәселелерді жою үшін жұмыс істеуі керек», — деп атап өтті Светлана Жақыпова.