
Мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Дания Еспаева еліміздің барлық өңірлеріндегі медициналық көмек сапасының төмендігін айтты.
Қазақстанда медициналық қызметке қанағаттанушылық көрсеткіші 47%-ға төмендеді.
Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘС) жүйесін жетілдіру тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтіп жатыр.
Дания Еспаева жыл басында депутаттар мен халық арасындағы кездесуде медициналық көмектің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп айтылғанын атап өтті. Бұл мәселе 2024 жылғы желтоқсанда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның сарапшыларының қатысуымен өткен отырысында талқыланды. Нәтижесінде бірқатар ұсыныстар айтылып, қорытынды шешім әзірленді.
— Қоғамдық палата медициналық қызметтердің міндетті медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арасындағы айырмашылықты дамытуға және денсаулық сақтау жүйесінің қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға назар аударды. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрі-дәрмек бағасының және басқа да шығындардың өсуіне байланысты медициналық қызметтердің тарифтерін қайта қарау ұсынылды, деді вице-спикер.
Оның айтуынша денсаулық сақтау саласына жұмсалған қаражаттың айтарлықтай өскеніне қарамастан, азаматтардың медициналық қызмет көрсетуге қанағаттанушылық деңгейі төмендеуде.
— Соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласына жұмсалған қаражат 2,8 есе өсті, халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттанушылық деңгейі 47 пайызға дейін төмендеді. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі болып саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсімі туралы есеп беріп отырады. Олардың мәліметтері бойынша, консультативтік-диагностикалық қызметтер, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есеге өскен. Бірақ диагностикалық қызметтің өсуі ауруды ерте анықтауға әсер еткен жоқ. Тіпті кейбір жағдайларда бұл қызметтерге қажеттілік болмаса да жолдама жазылып беріледі, дейді Дания Еспаева.
Вице-спикер саладағы шешімін таппаған жүйелі проблемаларды атады:
• халықтың осы жүйеге және оның тиімділігіне деген сенімін жоғалтуға әкелетін міндетті әлеуметтік сақтандыруға халықтың төмен қызығушылығы;
• қаржы менеджментіндегі кемшіліктер мен бұрмалауға әкелетін саланы цифрландырудың әлсіз деңгейі;
• медициналық қызметтерге ақы төлеуде әкімшілік қиындықтарға әкелетін екі қаржыландыру пакетінің анық емес бөлінуі;
• медициналық қызметтерді тұтынудың өсуіне, инфляцияның өсуіне және медициналық қызметтерге төмен тарифтерге байланысты саланы жеткіліксіз қаржыландыру;
«Жалпы барлық медициналық ұйымдардың «пациент-фокус» принципінен «табыс-фокус» қағидасына көшу үрдісі байқалды», — деп қосты Дания Еспаева.
Бұған дейін Үкімет 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қандай реформалар мен инновациялар енгізілетінін мәлімдеген болатын.