Елордада жұмыс іздеп жүргендер үшін «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пункттері таптырмас мүмкіндік. Астаналық Кәмшат Серік «Бухгалтерлік есеп негіздері» бойынша білімін жетілдірді, салық төлеуді және жылдық есеп беруді үйренді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ол жоба туралы әлеуметтік желілердегі чаттардың бірінде білген.
«Мен бұл жоба туралы WhatsApp чаттарының бірінен оқыдым. Онда кез келген мамандық қысқа мерзімде тегін оқытылатыны айтылған. «Неге оны үйренбеске?» деп ойладым. Келесі күні қаланың бір пунктінде болып, мамандардан ақпарат алып, «бухгалтерлік есеп негіздері» курсына жазылдым.
Мұғалімдер салық төлеу, жылдық есептерді дұрыс тапсыру сияқты тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндірді. Олар біздің барлық сұрақтарымызға жауап берді. Ең бастысы, біз теория мен практиканы біріктірдік», — деді ол.
Курсты аяқтаған кейіпкеріміз басқа қатысушылар сияқты сертификатқа ие болды.
«Бүгін мен туристік агенттікте жұмыс істеймін. Бизнес отбасылық болғандықтан, бір уақытта бірнеше нәрсені істеу керек. Мысалы, мен кейде есепші, әкімші функцияларын орындаймын. «Бұл жобадағы мақсатым — өз мамандығым бойынша қосымша білім алу», — деді Кәмшат.
Алдағы уақытта трендке айналған мамандықтар бойынша қосымша курстардан өтуді жоспарлап отыр.
«Бұл өте пайдалы жоба, ең бастысы, ол тегін. Сондықтан бұл жобаның көмегімен кез келген мамандықты қысқа мерзімде меңгеруге болады.
«Ұйымдастырушыларға рахмет», — деп түйіндеді ол.
Айта кету керек, 18 бен 50 жас аралығындағы астаналықтар JolTap жобасына тіркеліп, цифрлық және жұмыс мамандықтарын қысқа мерзімде тегін оқи алады