Мұндай бұйрықты Білім министрі берді.
Қазақстанның білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеру жүргізілетін болады.
Білім министрінің тапсырмасымен Петропавл мектебінде болған оқиға бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының өкілдері кірді.
«Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылған және дабыл түймесі бар. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сонымен бірге, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздікке тексеру жүргізу тапсырылды», — деп атап өтті ведомствода.
Еске салайық, Петропавлда орта мектеп оқушысы балта және пышақпен мектеп оқушыларына шабуыл жасаған болатын. Үш оқушы жарақат алды.