Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Парламентшілер «Қамқорлық» балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, ата-аналармен және оңалту орталығының мамандарымен кездесті. Жиын барысында сенаторлар Парламентте қабылданған заңдар, әлеуметтік саланы дамыту және мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік ауқымды шаралар туралы айтты.
«Жақында Парламентте біз Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификацияладық. Оның ережелері мүгедектік белгісі бойынша кемсітуді жоюға және инклюзивтілік қағидатын жүзеге асыруға бағытталған. Инклюзивті қоғам құру үшін біз ерекше балаларды күнделікті әлеуметтік өмірге дайындауымыз керек, ол үшін мұндай оңалту орталықтарын ашу өте маңызды», — деді сенатор Айгүл Қапбарова.
Сонымен қатар депутаттар «Шымқала» тарихи-мәдени кешенін аралап, Оқушылар сарайының құрылысымен және Тұран ықшам ауданындағы 29-орамдағы инженерлік инфрақұрылыммен танысты.
Осы ретте Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Жиынға қатысушылар жол жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және ауызсумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.