Астанада алғаш рет өткен Қазақстан Бочча Кубогының жабылу салтанатына Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. Олар жеңімпаз атанған бочка шеберлерін марапаттады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мәулен Әшімбаев құттықтау сөзінде жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, спортшылардың шеберлігі мен табандылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.
«Біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келер жылы бірқатар шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жастар құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігі мен демеушілердің қолдауымен келер жылы кем дегенде үш ірі республикалық жарыс: ел чемпионаты, Республика кубогы және Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар біздің команда бірқатар халықаралық жарыстарға қатысады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ел кубогына төрт сынып бойынша 57 спортшы қатысты. Екі күн бойы үздік нәтиже көрсеткен 34 бочча шебері жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың арасында Астана қаласының спортшылары да бар.
Әйелдер арасындағы кубоктың үздік ойыншысы астаналық Итиана Шыңғысханқызы, ерлер арасында павлодарлық Александр Құрмантай үздік атанды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыста жеңіске жеткендер ұлттық құрама сапына қабылданып, алдағы халықаралық турнирлерде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Қазақстан Бочча кубогы үшін жарыстарды Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Бочча федерациясы ұйымдастырды. Жарысқа қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Спорт Қоры» туризм және спорт саласын қолдау қоры да қолдау көрсетті.