Қазақстан Республикасында сирек кездесетін аурулары бар науқастарға арналған орталық құру жоспарлануда
Денсаулық сақтау министрлігінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен және «University Medical Center» КҚ басқарма басшысы Юрий Пямен орфандық аурулары бар балаларға медициналық көмекті жетілдіру мәселелері бойынша кездесу өтті.
Жиында сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту мәселелері талқыланды.
Соңғы 3 жылда министрлік денсаулық сақтау саласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен белсенді ынтымақтастықта болды және орфандық, онкологиялық, онкогематологиялық аурулары бар азаматтарды қымбат дәрілік заттармен қамтамасыз ету, онкологиялық қызметті, балалар нейрохирургиялық қызметін, трансплантацияны, инфрақұрылымды және оңалту орталықтарын дамыту және т. б. бойынша 12 жоба мен бағдарламаны бірлесіп іске асыруда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымен және «Ақсай» университеттік балалар клиникасымен бірлесіп, «University Medical Center» КҚ базасында орфандық аурулары бар балаларды емдеуге бірыңғай кешенді тәсілді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда қымбат тұратын медициналық қызметтер мен науқастардың осы санаты үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін орфандық орталық құру туралы шешім қабылданды.