«Самұрық-Қазына» бастамасымен биыл өңірлерде 12 оңалту орталығы ашылады
Қазақстан бойынша іске қосылатын 7 орталық аутизмі бар балаларға арналса, 5-інде бүлдіршіндердің мүгедектігінің алдын алуға күш салынады.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен, облыс әкімдіктерімен бірлесе атқаратын ауқымды әлеуметтік жоба Абай, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан және Қостанай, Павлодар, Алматы, Қызылорда өңірлерін қамтитын болады. Бұл туралы «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Еске сала кетсек, қазірдің өзінде Қор қамқорлығымен елімізде 37 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Қазақстанның барлық аймағында оңалту орталықтарының ашылуы арқылы инновациялық технологияларға негізделген сапалы және тиімді кешенді оңалтуға жағдай жасалуда. Бүгінде 40 987 бала оңалтудан өтсе, оның ішінде 32 мыңнан астамы оңалту, 8 275 бүлдіршін ерте араласу және 590 өскелең ұрпақ өкілі аутизмі бар балаларға арналған орталықтар қызметінің шарапатын сезінуде.
Өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры құны 7,2 млрд теңге болатын 46 жобаны қолдады. Жобалар аясында 524 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді.