Бурабай ауданында Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне арналған оңалту орталығы ашылды.
Медициналық бөлімше Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-клиникалық госпиталінің қарамағында ашылды.
Оңалту орталығының ашылу салтанатына Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, Қорғаныс министрлігі, Қарулы Күштер Бас әскери-медициналық басқармасының өкілдері және Щучье гарнизонының жеке құрамы қатысты.
Қорғаныс министрінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қатысушыларды маңызды орынның ашылуымен құттықтады.
Бұл бітімгершілік миссияларға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысқан, жауынгерлік және әскерлердің күнделікті өмірінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілер санаториялық-курорттық-сауықтыру емделуден өтетін алғашқы оңалту орталығы екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы атап өткен ұлт денсаулығының басымдығын ескере отырып, бізге кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерді емдеу-сауықтыру орталығын құру міндетін қойған болатын. Бүгін сол тапсырманың орындалған күні. Мамандар және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық жүрек, тыныс алу, жүйке жүйесі және тірек-қимыл аппараты аурулары бар 1500-ден астам әскери қызметкерді жыл сайын медициналық оңалтуға мүмкіндік береді», — деді генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Әскери-дәрігерлік бас басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайылдың айтуынша, мұнда он күнге созылатын бір қабылдауда 60 адам сауықтыру курсынан өте алады. Науқастар емдік дене шынықтырумен айналыса алады, фитотерапия және физиотерапия, соның ішінде электрофототерапия, магнитотерапия, парафиндік терапия және электроұйқы, су процедураларының кешені, емдік және профилактикалық массаж, ингаляция және аэротерапия бар.
Күні кеше оңалту бөліміне 30 әскери қызметкер келді. Алдағы айларда орталық жүктемемен жұмыс істейтін болады.