Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII Паралимпиадаға қатысушыларға мемлекеттік туды табыс етті
Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылы өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Паралимпиадалық дайындық орталығының ғимаратында Үкімет басшысы еліміздің ұлттық олимпиадалық командасына Қазақстанның мемлекеттік туын табыс етті, оны спортшылар ойындардың ашылу салтанатында салтанатты түрде алып жүреді. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында өтеді.
Олжас Бектенов ұлттық паралимпиада құрамасына сәттілік тіледі.
– Паралимпиада ойындары жай спорт түрі емес, ол адамның шексіз қабілетінің дәлелі. Сіздердің ерік-жігеріңіз бен батылдығыңыз таңдануға тұрарлық. Миллиондаған адамдар сіздердің адалдығыңыз бен мызғымас рухыңыздан шабыттанып, өмірдегі кедергілерді жеңуді үйренеді. Бүгін қолдарыңызға алған Туымыз – бірлік пен жеңістің белгісі. Мемлекет басшысы әлемнің басты спорт додаларында ел намысын қорғау – абыройлы міндет, зор абырой және жауапкершілік екенін атап өтті. Сіздердің Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытып, елге жаңа медальдар әкелетініңізге сенімдіміз», – деді Олжас Бектенов.
Қазақстанда паралимпиадалық спортты дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жасалып, жаңа жабдықталған спорт кешендері ашылды. Мамандандырылған спорттық дайындық орталығы, 15 спорт клубы, 3 мектеп және спортты дамыту дирекциясы бар. Көптеген қолдау бағдарламалары енгізіліп, жаттықтырушылар корпусы оқытылды.
Премьер-Министр ұлттық паралимпиада құрамасының екі ту ұстаушысы – Азия Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке (отырып ойнайтын волейбол) және Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Әлиеваға (жұппен оқ ату) мемлекеттік туды табыс етті.
— Бүгінгі күн мен үшін өте маңызды. Осындай деңгейдегі жарыстарда еліміздің туын көтеру – үлкен жауапкершілік. Әрбір спортшы Паралимпиада ойындарына қатысуды армандайды. Біз Қазақстанның намысын лайықты қорғауға бар күшімізді саламыз. Біздің жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік пен жеңіске деген үлкен ұмтылыс бар», — деді Берік Ізмағанбетов.
«Бұл жерге жету үшін әрқайсымыз ұзақ жолдан өттік, көптеген қиындықтарды жеңдік. Бірақ артымызда бізге сенетін, әр қадамымызда қолдайтын тұтас ел барын білеміз. Біз соңына дейін күресуге дайынбыз. Паралимпиада ойындарында Қазақстанның әнұраны мақтанышпен шырқалуы үшін бәрін жасауға уәде береміз», — деп қосты Севда Алиева.