Паралимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған атыраулық парадзюдошыларға көлік сыйға тартылды
Парижде өткен Паралимпиада ойындарында атыраулық парадзюдошылар Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков қола жүлдегер атанды. Жеңімпаздар мен жаттықтырушы Жандос Қияновқа автокөлік кілттері табысталды.
Атырау облысында 1367 мүмкіндігі шектеулі жан спортпен шұғылданады. Оның ішінде 16 параспортшы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында спорттың бірнеше түрінен – парадзюдо, паратаэквондо, отырып ойнайтын волейбол, пара үстел теннисі және пара жеңіл атлетика бойынша бақ сынады.
Үздік бестікке паратаэквондодан Нұрлан Домбаев пен пара атлетикадан Гүлбақыт Қайыржанова енді. Отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама сапында атыраулықтар Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намуратов, Ақылбек Шикібаев, Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Нұртау Мұқанбетқалиев және Ерлан Битеміров болды. Командамен олар бесінші орын алды. Парадзюдодан бес қатысушының екеуі – Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шұқырбеков Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен қатысушыларын спорттағы жоғары жетістіктерімен құттықтады.
— Парижде өткен Паралимпиада ойындарындағы жетістіктеріңізбен жастарға үлгі болдыңыздар. Атыраулықтар ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, алдарына асқақ міндеттер қойып жатқан жерлестерін мақтан тұтады. Жеңістерің мен жетістіктерің көп болсын! – деді Серік Шәпкенов.
Облыс әкімі облыс спортының дамуына қосқан үлесі үшін спортшыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті.
Infinity Eco Park компаниясы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Зарина Райфова, Жұрқамырза Шұқырбеков және жаттықтырушы Жандос Қияновқа Zeekr маркалы автокөліктердің кілтін табыс етті.