Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері арасынан еріктілер «Игі істер марафоны» дәстүрлі акциясына қатысып, мұқтаж жандарға үй маңындағы аумақты қардан тазартуға көмектесті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қыс мезгілінде елорданың барлық ауданында жалғыз тұратын қарттар мен көп балалы аналардың жеке үйлерінің аулаларында қар тазалау бойынша акциялар өткізіледі.
Еріктілердің қолдауымен осындай акциялардың бірін Нұра ауданындағы «Үркер» тұрғын алабындағы 9 бала тәрбиелеп отырған тұрғынының үйінде ұйымдастырды. Еріктілер ауланы қардан тазартып, көмір түсіруге көмектесті.
Еріктілер көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасау жалпы жауапкершілік екенін және әрбір қала тұрғыны өз үлесін қоса алатынын атап өтті.
Айта кетейік, «Астана жастары» белсенділері қаланы тәулік бойы қардан тазартатын коммуналдық қызмет қызметкерлеріне де көмектесуде. Елорда үшін маңызды жұмысы үшін еріктілер тұрақты негізде ыстық шай мен бауырсақтарды тарату бойынша акциялар өткізеді.