«Арғымақ» ат спорты кешені ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудың бірегей әдісін, иппотерапияны белсенді түрде дамытуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту сабақтарын аккредиттелген ұйымдарда білім алған реабилитолог дәрігерлер, сондай-ақ иппотерапия саласындағы білікті мамандар жүргізеді.
Нысан емдеу-сауықтыру жұмыстарын (иппотерапия) жүргізуге арналған, сонымен қатар балалар мен ересектерді атқа мінуді үйретеді, спорттық, бұқаралық спорттық және ойын-сауық шараларын ұйымдастырады.
Мұнда 20 жылқы бар, оның 10-ы сауықтыру шараларына белсене қатысады. Әр жылқы күніне екі сағат иппотерапиямен айналысады.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, бүгінде иппотерапияны қолдану арқылы медициналық оңалтуды қамтамасыз ету туралы ереже әзірленіп, бекітілген.
Ол медициналық көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштерді ескере отырып, балалардың тізімдерін қалыптастыруды, сондай-ақ жұмысты жүйелеуді және қызмет көрсету тәртібін қамтиды. Сондай-ақ, ереже аясында оңалтудың жеке жоспарлары мен бару кестелері жасалып, «Жансая» және «Нұрлы жүрек» орталықтарымен иппотерапия сабақтарын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.
«2024 жылдың сәуір-желтоқсан аралығында 802 бала иппотерапиядан өтті, оның ішінде 610 бала мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет алды. Жұмыс процестің ашықтығын қамтамасыз ететін birge.astana.kz платформасы арқылы ұйымдастырылған. Бейімделу спортына қатысу үшін жеті бала іріктелді. Арғымақ оқушылары жүлделі орындарға ие болған облыстық, республикалық жарыстар да өтті», — деді Е.Қаналимов.