Қазақстанда аутизмге байланысты мүгедектігі бар адамдар саны артты
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында аутизмі бар қазақстандықтардың санын атады.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда елде психикалық бұзылыстар салдарынан мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 32,4 мыңды құрайды.
«Оның ішінде аутизм спектрінің бұзылысы бар балалар саны — 13,9 мың немесе 42,9%. Соңғы үш жылда аутизмге байланысты мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мыңға дейін өсті», – делінген жауапта.
Жыл сайынғы өсім 35%-ды құрайды.
Өсім олардың ерте анықталуы мен диагностикасының жақсаруына, сондай-ақ M-CHAT ерте скринингі енгізілуіне байланысты екені атап өтілді. Бұрын аутизм спектрінің бұзылысы бар балалар статистикаға енгізілмеген.
Бұған дейін Бектенов Алматыдағы Jobcoach жобасын бүкіл ел бойынша кеңейту жоспарлары туралы хабарлаған.