Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған жарыс боччадан Әлем кубогының кезеңі болып табылады. Беделді турнирге 24 елден келген параспортшылар қатысуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.
«Ең алдымен баршаңызды боччадан Әлем кубогының ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты дамытуға және барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгін елордамызда өтіп жатқан халықаралық спорттық турнир – соның жарқын дәлелі. Astana 2026 World Boccia Cup Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осындай маңызды халықаралық жарысты Астанада қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл турнир еліміздегі параспорттың қарқынды дамып келе жатқанын және боччаға деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсететін маңызды оқиға.
Әлем кубогы жанкүйерлерге тартысты әрі әсерлі бәсеке сыйлайды деп сенемін. Барлық параспортшыларға сәттілік тілеймін! Әлем кубогының ашылуымен құттықтаймын!» – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы әрі Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы Әлем кубогына Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден келген 90 параспортшы қатысуда. Делегациялар мүшелері мен мамандардың жалпы саны 140 адамнан асады.
Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы турнирдің халықаралық маңызын атап өтті.
«Жарысқа әлемнің 24 елінен өкілдер келді. Турнирге 90 параспортшы және оларды сүйемелдеп жүрген 150-ге жуық өкіл қатысуда. Бүгін Қазақстан, оның ішінде Астана, әлемнің түкпір-түкпірінен келген параспортшыларды біріктірген халықаралық алаңға айналды. Бұл Әлем кубогы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі болып саналады. Сондықтан Қазақстан атынан қатысып жатқан боччадан 10 спортшы сәтті өнер көрсеткен жағдайда іріктеуден өтіп, 2028 жылғы Паралимпиадада ел намысын қорғауға мүмкіндік алады», – деді Назым Жанғазы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Әлем кубогында 10 спортшы өнер көрсетуде. Олардың қатарында BC3 санатындағы спортшылар да бар. Бұл санаттағы қатысушылар арнайы рампаларды пайдалана отырып жарысады.
3–6 маусым аралығында жеке сайыстар өтсе, 6–8 маусым күндері жұптық және командалық жарыстар ұйымдастырылады.