Негізгі назар тек ақшалай төлемдерге ғана емес, аз қамтылған отбасыларға тұрақты табысқа қол жеткізуге көмектесуге аударылады. Әңгіме атаулы әлеуметтік көмек туралы болып отыр. Оны қиын өмірлік жағдайға тап болған және мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтар алады.
Бұл ретте еңбекке қабілетті алушылар үшін әлеуметтік келісімшарт қарастырылған. Ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуды, атап айтқанда, жұмыс іздеуді, оқуды немесе жаңа кәсіпті меңгеруді көздейді. Сонымен қатар балалары бар отбасыларға да мемлекеттік қолдау көрсетіле береді.
Осылайша, жүйенің міндеті – төмен табыстың орнын жай ғана толтыру емес, азаматтарға әлеуметтік тәуелділіктен біртіндеп арылып, өз отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндік беру.
«Біздің елімізде өңірлердегі әлеуметтік жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан барлық отбасылар мен өңірлерге бірдей тәсіл қолдана алмаймыз. Мұқтаждық деңгейін анықтау кезінде өңірлік ерекшеліктер, табыс деңгейі, сондай-ақ цифрлық құралдар ескеріледі. Бұл нақты отбасының жағдайын, оның құрамын, кірістерін, жұмыспен қамтылуын және басқа да факторларды көруге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – әлеуметтік ресурстардың нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Әсия Құрманқұлова.