Қазақстандағы инклюзивті қоғамды қолдауға арналған марафонға мыңдаған астаналық қатысты

Астанадағы Ботаникалық бақта өткен алғашқы UNICEF Charity Run қайырымдылық марафонға 2000-ға жуық адам қатысты.
Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық марафор UNICEF Charity Run ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтардың бірін таңдай алды. Сөреге балалар мен ересектер, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар, отбасылар мен қоғам өкілдері шықты. Балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін қатысу тегін болды.
Жиналған барлық қаражат ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы әрбір балаға инклюзивті қоғам қалыптастыру бағдарламасына бағытталады.
ЮНИСЕФ мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар шамамен 120 мың бала тұрады. Инклюзия тек физикалық қолжетімділікті ғана емес, сонымен қатар білім алу, спортпен айналысу, даму, құрдастарымен қарым-қатынас жасау және қоғам өміріне қатысу мүмкіндігін қамтиды.
Жүгіру аясында 7-15 жас аралығындағы балалар 2 шақырымдық қашықтыққа қатысты. Ал 16 жастан асқан қатысушылар 5 немесе 10 шақырымдық қашықтықты таңдай алды. Балалар үшін арнайы ойын-сауық және спорттық белсенділіктер бағдарламасы да ұйымдастырылды.
«Инклюзия қарапайым қағидаттан басталады: баланың мүмкіндігі оның мүгедектігінің бар-жоғына байланысты болмауы тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір бала білім алып, дамып, спортпен айналысып, қоғам өміріне толыққанды қатыса алатын жағдай жасау», – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар.
Астана ЮНИСЕФ-ті қолдау мақсатында қайырымдылық жарыстарының халықаралық дәстүріне қосылған Қазақстанның алғашқы қаласы болды. Мұндай іс-шаралар әр жылдары Дубай, Лондон, Нью-Йорк, Сидней, Гонконг және Минск қалаларында да өткен.
MICS 2024 ұлттық зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2-4 жас аралығындағы әрбір төртінші бала әзірге дамудың қалыпты көрсеткіштеріне толық жете алмай отыр. ЮНИСЕФ бұл деректер балаларға ерте жастан қолдау көрсетудің маңыздылығын айқындайтынын атап өтті.