Қостанай облысында жетім бала сот арқылы тұрғын үй алу кезегіне қайта тұру құқығын қалпына келтірді.
«Келісім шарттарына сәйкес, «Отбасы банк» АҚ 2026 жылғы 30 қазанға дейін ақпараттық жүйеге қажетті түзетулер енгізіп, талап қоюшыны Қостанай ауданы бойынша тұрғын үй алу кезегіне бұрынғы кезектілігін және есепке қойылған бастапқы күнін — 2020 жылғы 23 желтоқсанды сақтай отырып, қайта енгізуге міндеттенді. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітілді», — деп хабарлайды Қостанай облыстық соты.
Талап қоюшы 2020 жылғы 23 желтоқсаннан бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған.
«Оның айтуынша, бір облыс шегінде Сарыкөл ауданынан Қостанай ауданына қоныс аударғаннан кейін ол тұрғын үй кезегінен шығарылған», — деп көрсетеді сот.
Жауапкерлерге жүгінгеніне қарамастан, кезектілігі қалпына келтірілмегендіктен, тұрғын үй кезегіне қайта қою мәселесі бойынша сот дауы туындаған.
Талап қоюшы соттан есепке қойылған бастапқы күнін сақтай отырып, тұрғын үй алу кезегіне қайта қоюды сұраған.
Мемлекеттік мекеме медиациялық келісімнің талаптарымен келісті.