Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының өсуіне байланысты инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.
«Тағы бір өзекті мәселе – инклюзивті білім беру. Оған ерекше назар аудару қажет. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны артып келеді. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы саладағы инфрақұрылымды дамытуы керек. Ауқымды құрылыс бағдарламасын іске асыру кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауға тиіс. Сондай-ақ мамандар тапшылығын азайту және ерекше қажеттіліктері бар балалардың диагноздарын ерте анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. «Қазақстан халқына» қоры бұл жұмысқа белсенді қатысуы керек», – деді Тоқаев Жолдауында.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформаларға қатысты мәселелер қоғамда белсенді талқыланып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, кез келген өзгеріс мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оларға түсетін артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек.
«Бұл міндеттің іс жүзінде әлі толық шешілмегені жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп болатын. Қазір оның орнын түрлі платформалар мен цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басты. Мұғалімнің басты міндеті – балаларға сапалы білім беру, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осы міндеттерді орындауға кедергі келтіретін артық жұмысты тоқтату қажет. Біз мұғалімдердің ар-намысы мен беделін қорғауға тиіспіз. Соңғы уақытта мектептерде оқушылардың педагогтермен дөрекі сөйлесіп, тіпті оларға күш қолданатын жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай жағдайларда мектеп әкімшілігінің өзі көбіне мұғалімге қысым көрсетеді. Бұл дұрыс емес. Әрбір жағдай мұқият әрі жан-жақты қаралуы керек. Отбасы, оқушы, мұғалім және мектеп тараптардың бәрі әрбір жағдайға бірдей жауапкершілікпен қарауға тиіс. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты ерекше бақылауда ұстауы қажет», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президенттің мәліметінше, Қазақстанда шамамен жеті миллион бала бар. Бұл ел халқының 34 пайызын құрайды. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
«Еліміздің халқы қарқынды өсіп келеді. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – аса маңызды міндет. Ауқымды құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңінде еліміздің әр өңірінде сегіз заманауи перинаталдық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады. Ал Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді. Бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды да кеңінен тарту қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған жобалардың сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Мұндай ынтымақтастық форматы әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестициялар көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қажетті рәсімдерді негізсіз созбалаңға салмай, шешімдерді жедел қабылдау», – деп түйіндеді Тоқаев.