Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 3 қарашадағы бұйрығымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді.
Қағидаларға мынадай ұғым қосылды:
• мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы елордада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет ұсынатын көмек.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жан басына шаққандағы орташа табысы елордада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасына шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.
АӘК тағайындау үшін отбасының құрамы айқындалады.
Қағидаларға сәйкес, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімі аз қамтылған адамдарды анықтайды.
Консультация нәтижелері бойынша адам немесе отбасы (өтініш беруші) АӘК тағайындау туралы өтінішті қызмет беруші арқылы, портал немесе ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы береді.
Бұл ретте жеке басын сәйкестендіру үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат (ҚР азаматының жеке куәлігі (паспорты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік азаматтың тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), сондай-ақ қағаз жеткізгіштегі қандас куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисінде болған жағдайда оның электрондық нұсқасы болуы қажет.
АӘК алуға үміткер адамдар (отбасылар), үй шаруашылықтары, сондай-ақ оны алу үшін қайта өтініш бергендер дербес деректерді, оның ішінде банк құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік қатысуы бар кредиттік бюродан алынатын кредиттер бойынша берешек сомасы, кредиттер бойынша мерзімді (ай сайынғы) төлем, мерзімі өткен немесе қалған берешек сомасы туралы мәліметтерді жинауға, өңдеуге, тексеруге, өзектендіруге және беруге келісім береді.
Өтінішке қоса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын, отбасымен бірге тұратын еңбекке қабілетті мүшелерінен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге арналған өтініш қоса беріледі.
Он алты жасқа толмаған адамның атынан ата-анасының бірі немесе заңды өкілі еңбек қызметін жүзеге асыруға келісім беретін еркін нысандағы жазбаша өтініш ұсынады.
Өтініш беруші АӘК тағайындау үшін портал арқылы жүгінеді.
Сонымен қатар проактивті қызмет арқылы АӘК тағайындалған кезде оны тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейтіні көрсетілген.
Учаскелік комиссияның материалдық жағдайды тексеруіне отбасының келісім беруі АӘК-ті проактивті форматта тағайындау мәселесін қарауға негіз болады.
Проактивті қызмет арқылы АӘК тағайындауға өтініш берген күн болып учаскелік комиссияның материалдық жағдайды тексеруге келісім алған күні есептеледі.
Төтенше жағдайлар кезеңінде автоматтандырылған цифрлық жүйе арқылы уәкілетті мемлекеттік орган ағымдағы алушыға тағайындаған АӘК тоқсанның соңғы күнінде өтінішсіз автоматты түрде келесі тоқсанға ұзартылады.
Егер цифрлық жүйелерде АӘК тағайындалғанын, төленгенін немесе оны тағайындауға өтініш берілгенін растайтын мәліметтер болса, әкім немесе мансап орталығы АӘК тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхатты дереу береді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті өтініште немесе мәліметтерде қателер мен дәлсіздіктер анықталған жағдайда өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданады, ал мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатыла тұрады. Бұл ретте ұсынылған құжаттар қайтарылады.
Кемшіліктерді жою үшін 5 жұмыс күні беріледі. Егер кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылса, мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш пен құжаттар қабылданған күн болып қызмет алушының бастапқы жүгінген күні есептеледі.
Мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтер, тиісті мемлекеттік органдардан қағаз жеткізгіште алынған құжаттар, тиісті цифрлық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда өтініш беруші ұсынған құжаттар не әкімнен алынған құжаттар топтамасы мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде мансап орталығы оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
• көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің түрін: шартсыз немесе шартты ақшалай көмекті айқындайды;
• АӘК тағайындауға өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін отбасының жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептейді.
АӘК мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда жан басына шаққандағы орташа табыс пен елордада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі.
АӘК тағайындалған кезеңде бір жастан алты жасқа дейінгі (алты жасты қоса алғанда) балаларға әр балаға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем төленеді.
Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, үй жануарларын, құстарды және жер учаскесін табыс әкелмейтін мүлік ретінде айқындайды.
Мансап орталығы:
• АӘК тағайындау (төлем мөлшерін өзгерту, төлемді тоқтата тұру, төлемді тоқтату, тағайындаудан бас тарту) туралы шешімнің электрондық жобасын дайындайды. Оған ЭЦҚ арқылы электрондық макетті тікелей қалыптастыратын мансап орталығының маманы, мансап орталығының құрылымдық бөлімшесінің басшысы және мансап орталығының басшысы қол қояды;
• шешімнің электрондық жобасын АӘК тағайындау туралы өтініштерді тіркеудің электрондық журналына тіркейді;
• уәкілетті органға электрондық макетті және құжаттар топтамасын жібереді.
Шартты ақшалай көмек тағайындау қажеттілігі айқындалған жағдайда мансап орталығы цифрлық жүйелерден алынған мәліметтер, тиісті мемлекеттік органдардан қағаз жеткізгіште алынған құжаттар, сондай-ақ тиісті цифрлық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда өтініш беруші ұсынған құжаттар не әкімнен алынған құжаттар топтамасы мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде оларды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде:
• отбасының жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелерінің санын айқындайды;
• отбасы құрамына кіретін және онымен бірге тұратын жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелерді жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде тіркейді;
• алынған мәліметтер мен құжаттарды шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемін келісу, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну кезінде шартты ақшалай көмек тағайындауды келісу үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияға жібереді. Бұл шешімдерді қабылдау атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті органның құзыретінен тыс болған жағдайда жүзеге асырылады.
Аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның шешімдері учаскелік комиссияның қорытындысы алынғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді және қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өңірдің мансап орталығына жіберіледі.
Учаскелік комиссияның қорытындысын немесе учаскелік комиссияның қорытындысы қоса берілген әкімнің құжаттарын, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымдарын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мансап орталығы жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларын қамтитын жеке жоспар әзірлейді және әлеуметтік келісімшарт жасасады.
Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт шартты ақшалай көмек тағайындалған кезеңге жасалады.
Аз қамтылған адам (отбасы) әлеуметтік келісімшарт талаптарын және жеке жоспардағы іс-шараларды, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналасу жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамаған, сондай-ақ шартты ақшалай көмектің заңсыз тағайындалуына және төленуіне әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсынған жағдайда шартты ақшалай көмек алушылармен жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылады.
Әлеуметтік келісімшартты бұзу шартты ақшалай көмекті төлеуді тоқтатуға негіз болады.
Әлеуметтік келісімшартта тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларын орындау жөніндегі міндеттемелері, сондай-ақ олар орындалмаған жағдайда қолданылатын шаралар көрсетіледі.
Әлеуметтік келісімшарт жасалған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде мансап орталығы:
• АӘК тағайындау үшін уәкілетті органға электрондық макетті, оған қоса электрондық макетті қалыптастыруға қажетті құжаттарды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымдарын және тараптар қол қойған әлеуметтік келісімшартты жібереді;
• өтініш берушіге мемлекеттік қызметті тағайындау немесе көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі берілетін тыңдаудың уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді.
Мансап орталығы өтініш берушінің алдын ала шешімге қарсылығын ол жіберілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Қағидаларға АӘК тағайындау тәртібін нақтылайтын мынадай жаңа тармақ қосылды:
АӘК тағайындауды уәкілетті орган АӘК көрсетуге тиісті бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.
Шартты ақшалай көмек ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде:
• жалғызбасты және жалғыз тұратын аз қамтылған еңбекке қабілетті адамдарға;
• құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғаларға көрсетіледі.
Бұл ретте аталған адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуы немесе қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына тартылуы тиіс.
Шартты ақшалай көмек өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Бұдан бөлек, қағидаларға АӘК төлеуді тоқтатуға негіз болатын мынадай жағдайлар қосылды:
• өтініш берушінің қайтыс болуы;
• өтініш берушінің тұрақты тұру үшін республикалық немесе облыстық маңызы бар басқа қалаға, басқа ауданға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерге көшуі;
• әлеуметтік келісімшарт талаптары мен жеке жоспардағы іс-шараларды, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналасу жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамауына байланысты әлеуметтік келісімшарттың бұзылуы;
• АӘК-тің заңсыз тағайындалуына және төленуіне әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсыну.
Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.