Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігіне қарасты бірқатар құрылымдардың өкілдері келді. Делегация мүшелері орталықтың жұмысымен танысып, қарт азаматтарды әлеуметтік қолдау тәжірибесін зерделеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Қырғызстан делегациясының құрамына министрліктің мүгедектігі бар адамдар және қарт азаматтар мәселелері жөніндегі басқармасының мамандары, медициналық-әлеуметтік сараптама орталығының, оңалту мекемелерінің және медициналық-әлеуметтік стационарлық ұйымдардың басшылары кірді.
Таныстыру кездесуі аясында делегация мүшелері Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты Сарайшық ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесіне барып, мекеменің қызметімен, жұмыс бағыттарымен және қарт азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлерімен танысты.
Қонақтарға орталық жұмысының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайту, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар көрсетілді. Әсіресе аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыру, әлеуметтік белсенділігін күшейту және салауатты қартаюға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшылығы қатысты. Тараптар әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімді тәсілдері, қарт азаматтарды қолдау, белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік жобаларды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Тәжірибе алмасу – әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырудың маңызды тетігі. Бұл сапар әлеуметтік саладағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, озық тәжірибелермен алмасуға жол ашатын маңызды кездесу болды. Мұндай мазмұнды кездесулер әлеуметтік қызметтердің сапасын жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуға және аға буын өкілдерінің өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған жаңа бастамаларға серпін береді», – деп атап өтті Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Эльвира Шамшикенова.
Қырғызстандық әріптестер елордада аға буын өкілдеріне жасалған жағдайларға және қарт адамдардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін бастамаларға қызығушылық танытты.
Айта кетейік, орталықтың жұмысы қарттық кезеңді тек тынығу уақыты ретінде емес, жаңа мүмкіндіктер мен белсенді өмір сүру кезеңі ретінде қабылдауды қалыптастырудың жарқын үлгісі болып отыр.