Қазақстанда инклюзивті білім беруге қойылатын талаптар өзгертілді
Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға қойылатын талаптар қайта қаралды. Өзгерістер педагог-ассистенттердің жұмысына, арнайы кабинеттер ашуға және мұғалімдерді даярлауға қатысты. Депутаттардың айтуынша, қабылданған шешімдер 200 мыңнан астам баланың білім алу жағдайына әсер етеді.
Қабылданған өзгерістер туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Динара Закиева «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселелеріне арналған Үкімет сағатында мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасының бастапқы нұсқасында бірқатар маңызды мәселе ескерілмеген. Депутаттар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған кабинеттерді ашу шарттарын нақтылауды, педагог-ассистенттердің міндеттерін айқындауды және мұғалімдерді мінез-құлықты түзету әдістеріне үйретуді қарастыруды ұсынған.
Оқу-ағарту министрлігі бұл ескертулерді ескеріп, тиісті өзгерістері бар бұйрықты қабылдады.
«Бұл бұйрықтың артында 200 мыңнан астам баланың тағдыры тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың нәтижесі», – деп атап өтті Динара Закиева.
Вице-спикердің айтуынша, депутаттар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында қарастырылып жатқан 66 міндеттің 12-сі бойынша да өз ұсыныстарын білдірген. Негізгі назар қабылданатын шешімдердің сапасы мен оларды орындау мерзімдеріне аударылды.