Жамбыл облысы мемлекеттік мекемелерінде құны ноутбук құнына тең болатын флешкалар және қымбат компьютерлер сатып алмақ болған.
Жемқорлыққа қарсы күрес ұйымдары бюджет қаражатын аса ысырапшылықпен жұмсау деректерін анықтаған. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде сатып алу бағаларын қайта қарастыру арқылы мемлекеттік қазынаға 800 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг барысында өзге де қызықты деректер анықталуда. Өткен жлы Жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік ұйымдардың 30-ға жуық негізсіз сатып алу деректерінің алдын алған болатын. Нәтижесінде 600 миллионға жуық мемлекет қаражаты үнемделді. Көп жағдайда шамадан тыс жоғары бағамен кеңсе тауарлары мен ұйымдастыру техникасын сатып алмақ болады.
Равиль Тюлебаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары : — Анализ барысында біз Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алулар веб-порталы goszakup.gov.kz мәліметтерін, «бірыңғай сатып алулар терезесін» басшылыққа аламыз. Портал бағаларын осы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге ұсынылатын нарықтық бағамен салыстырамыз. Егер баға шамадан тыс жоғары екендігі анықталса, бұл мекемеге ұсыныстар беріледі. Мемлекеттік мекеме жағдайға анализ жасап берілген ұсыныстармен келіседі немесе бағаларына негіздеме жазады. Облыстық полиция департаментінде әрқайсысының құны 235 мың теңге болатын 80 дана флешка сатып алу жоспарланған. Ақпарат таратқыштың 10 есе жоғары құнын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қайта қарастырған. Нәтижесінде полиция сатып алатын жадысы 16 гигабайт болатын бір флешка құны небәрі 2 мың теңгеден астам болып шыққан. Мемлекеттік сатып алулар сайтында көрсетілен бағаны біз дүкендерден таба алмадық.
Руслан Мейирманов, сатушы: Ең арзан бағадағы жадысы 2 гигабайттық флешкалар құны мың теңге шамасында. Жадысы 2, 4, 8, 16 гигабайттық флешкалар құны мың теңге, олардың бір-бірінен аздап ерекшеліктері болады.
— 16 гигабайттық флешка қанша тұрады?
— Шамамен 3500-4000 теңге болады.
— Баға қандай көрсеткішке байланысты болады?
— Баға көбіне өндіруші фирмаға байланысты болады.
Шу ауданы әкімдігінде де шамадан тыс ысырапшылдық дерегі анықталған. Әкімдікте 12 миллионға 20 компьютер сатып алмақ болған. Бір компьютер құны 600 мың теңге. Тексеруден соң екі есе арзан бағаға техника табылған. Ал Байзақ ауданы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары шамадан тыс жоғары бағамен подгузниктер сатып алмақ болған. Нәтижесінде сатып алулар жүзеге асырылмай, бюджетке 78,5 млн. теңге қайтарылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тапсырыс берушілер көбіне өздерінің шамадан тыс жоғары көрсеткен бағаларын қате мәліметтер деп атап жатады. Бірақ барлығының әрекеттерін жіті қадағалау үнемі мүмкін бола бермейді.
Источник: Хабар 24