Эверестті бағындырған астаналық ару Мария Ауезова үйіне қайтып оралды. Ұшақ рейсінің өте ерте екендігіне қарамастан Марияның жақындары мен туғандары, жанкүйерлері әуежайға жиналып, ыстық ықыластарымен қарсы алды.
Мария — 5364 метр биіктіктегі Эверест базалық лагеріне көтерілген алғашқы аяғы жоқ ару. Кейіпкеріміз бүгін таңертең Дубай — Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келді. Әуежайда Марияны жақындары мен достары күтіп алды.
Күтіп алушылардың ыстық ықыластары, құшақ-құшақ гүлге толы кездесу аруымызды елжіретті. Кейіпкеріміздің айтуынша 5 мың метр биіктіктегі базалық лагерьге дейінгі жолдың қиындығы, тау жолдарына ыңғайланбаған арба, биіктік жол өте ауыр болған. Дегенмен еш өкінбейтінін жеткізді және 70 км созылған экспедиция керемет сезімдер сыйлағанын айтты. «Туған жерге оралғанда қандай сезімде болдың?»- деген сұраққа Мария көзіне жас ала отырып:
— Біздің – қазақстандықтардың қолынан келгеніне бақыттымын! Егер мен бір адамды ынталандыра алсам, мен үшін ол үлкен жеңіс. Мен өте бақыттымын! Үйіме қайтып оралуымның өзі бақыт! – деп жауап берді.
Мария альпинизмді спорт емес, адам жанының белгілі бір күйі деп есептейтінін жеткізді. Өзінің әрқашан биіктікті бағындыру туралы арманы болғанын, осы арман жолында керемет жаттықтырушы, қазақстандық альпинист Вадим Цхе кездескен. Осылайша бір жарым жыл бұрын жаттықтыруды бастап кеткен. Эверестті бағындырмас бұрын Мария артық салмақтан арылуы тиіс болды. Сол кездегі салмағы 136 кг болған. Сөйтіп дегеніне жеткен.
«Бурабайдағы Ұйқыдағы батыр шыңын бірінші бағындырдым. Сол кезде маған бұл істің ұнайтынын түсіндім, одан кейін Лысая тауы, одан соң Көкше шыңына шықтым. Одан кейін биігірек шыңға шығуым керек деп шештім», — дейді Мария.
Марияның туғандары оның қызығушылығына қуанған. Бірақ Эверестке шығар жолда біраз қобалжыған.
«Мен тәрізді жағдайдағы адам үшін биіктік қиындау соғатыны белгілі. Тастармен қозғалу кей жерлерде арбамен, кей жерлерде өзім, кей жерлерде команда көмектесті. Командалық жұмыс нәтижесін берді. Жалпы алғанда 10 күн ішінде жүзеге асырдық. Акклиматизация, 5 мың биіктікте тау ауруы басталды. Бірақ жылдам басылды. Непалдықтар мені көргенде біраз шошып, бұл істен бас тартуға кеңес беріп жатты. Дегенмен олар өте мейірімді, бізден көмектерін аямады», — дейді Мария.
Источник: newtimes.kz