Қазақстанда 9 және 11 сынып түлектеріне дәстүрлі форматтағы соңғы қоңырау өткізуге рұқсат етіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
«Соңғы қоңырау 25 мамырда дәстүрлі түрде 9 және 11 сынып түлектері үшін өтеді, олар негізінен ағымдағы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап офлайн тәртіпте оқыды. Біз 25 мамырға арналған іс-шараларды, соңғы қоңырау және аттестаттарды тапсыруды қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, офлайн тәртіпте де өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр аппарат отырысында.
Министр мектеп директорларына, білім басқармаларына, білім бөлімдеріне іс-шараларды барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай ұйымдастыруды тапсырды.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова соңғы қоңырауды 300-ге дейін оқушысы бар мектептерде, сондай-ақ бүгін де жұмыс істеп жатқан мектептерде өткізуге болатынын айтты.
«Екі форматта өткізу ұсынылады: сыныпта және онлайн тәртіпте. Қажет болса іс-шараны сынып кабинеттерінде өткізуге болады. Ал қашықтан оқытатын мектептерде соңғы қоңырау онлайн тәртіпте ұйымдастырылатын болады.
Мектеп бітіруші 9 және 11 сыныптар үшін салтанатты кештер өткізіледі. Бұл шараларға әр оқушымен және әр түлекпен бірге қатысатын ата-аналардың саны бір адамнан аспауы керек. Бұл санитарлық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті вице-министр.
Еске сала кетейік, 2020 жылы қазақстандық мектептердегі соңғы қоңырау ата-аналардың қатысуынсыз ашық аспан астында өткен болатын.
Источник: tengrinews.kz