Алматыда «Балбұлақ» балаларды оңалту орталығының экс-директоры сотталды. Бұл туралы қаланың Медеу ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот 2020 жылдың 30 желтоқсанында А. есімді азаматтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында осы мекеменің 22 қызметкеріне сыйақы ретінде 2 331 000 теңге көлемінде қаражат бөлу туралы шешім қабылданғанын анықтады.
«2020 жылдың 31 желтоқсанында А. есімді азамат бухгалтерлерге жалпы сомасы 939 000 теңгені құрайтын бонустарды жинап, оны өзіне аударуды тапсыраған. Сот А. есімді азаматтың мемлекеттің заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіргенін анықтады, яғни Қылмыстық кодекстің 361-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Прокурор экс-директорға 1000 АЕК — 2 917 000 теңге айыппұл тағайындауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігінің санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл түрінде немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қарастырады, екі жылға дейін немесе белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкін тәркілеумен сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Сот үкімімен А. есімді азамат қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Сот сотталушының келтірілген зиянды толық көлемде өтегенін, бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескерді.
Сонымен бірге, сотталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар келтірілген жоқ.
Осыған байланысты А. есімді азаматқа бір жыл мерзіміне мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», — деп түсіндірді сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.