ҚР Әділет министрі 2021 жылғы 27 тамыздағы бұйрығымен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласында ең төменгі әлеуметтік стандарттарға өзгерістер енгізді.
Жаңа редакцияда мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар баяндалған:
Құқықтық ақпараттандыру
Құқықтық кеңес беру
Адвокаттардың жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы және білдіруі.
Осылайша, құқықтық ақпарат беру шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасы мәселелері бойынша ауызша, жазбаша нысандарда, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында не Қазақстан Республикасының аумағында ең төмен әлеуметтік стандартқа құқығы бар барлық жеке және заңды тұлғаларға тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан, көзбен шолу арқылы танысу түрінде тегін ақпарат ұсынылады.
Сондай-ақ келіп түскен өтініштің негізінде Әкімшілік рәсім қозғалады. Өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды және ол қозғалған кезден бастап есептеледі және әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының дәлелді шешімімен қисынды мерзімге, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы Әкімшілік рәсімге қатысушыға мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
Сонымен бірге, егер өтініш берушінің өтініші құқықтық сипатта болмаса, құқықтық ақпарат беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
Құқықтық ақпарат беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Құқықтық консультация ауызша және жазбаша консультациялар нысанында, оның ішінде арыздар, шағымдар, өтінішхаттар және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттар жасау нысанында көрсетіледі.
Ауызша және жазбаша консультациялар, арыздарды, шағымдарды, өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау заң көмегіне ақы төлеу бір сағат үшін 0,56 АЕК (1633 теңге) есебімен жүзеге асырылады.
Мынадай шарттардың бірі болған кезде көмектің мұндай түрін көрсетуден бас тартылады:
өтініш беруші мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдар санатына жатпайды;
өтініш берушінің өтінішінің құқықтық сипаты жоқ.
Мемлекет кепілдік берген құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Бұйрық 2021 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.