Қазақстанда бір айдан кейін онлайн тәртіпте өткен оқу жылы аяқталады. Кейбір мектептер үшін бұл оқытудың мұндай форматы нағыз сынақ болды.
Зарина Бейсембина, тілші:
— Қойгелді ауылы елордадан небәрі 50 шақырым жерде. Алайда үнемі айтылып келе жатқан цифрландыру бұл ауылға әлі келмеген. Ауыл тұрғындары бұл мәселені қанша көтерсе де, бәрібір мәселе шешімін табар емес. Бүгінде бұл ауылда 300-ге жетер-жетпес адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша ауылда жайлы өмір сүру үшін бәрі бар: жаңа кең мектеп, хоккей корты және дүкендер. Тек қалыпты интернет жоқ. Интернеттің жоқтығы пандемия басталғаннан мұғалімдер мен оқушылардың, ата-аналардың өміріне бірқатар қолайсыздықтар тудырып, таусылмас сынақтарға айналдырды дейді ауыл тұрғындары.
Роза Турдиева, Қойгелді ауылының тұрғыны:
— Менің қызым студент, интернет желісі тек бір бөлменің терезесінің алдында ұстайды. Ол күніне 6 сағаттан сол терезе алдында өткізеді. Мен өзім мектепте мұғаліммін. Электронды күнделікті толтыра алмаймын, себебі қызым терезе алдында сабақ оқиды, Интернеттің күші екеумізге жеткіліксіз. Мектептегі жағдай да шамамен осындай. 20 мұғалімге бір модем сатып алынды, ол модемге бір уақытта тек екі компьютер қосыла алады. Құжаттарды толтыру, есептер беру, тапсырмаларды тексеру және жіберу үшін мұғалімдер өзара кезекке тұрып, түннің бір уақытына дейін жұмыс істейді. Айта кету керек, ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері интернет мәселесін өздері шешуге тырысқан, бірақ әзірге нәтиже жоқ.
Алма Китайбекова, Қойгелді ауылының тұрғыны: — Біз жақында 25 мыңға роутер сатып алдық. Бірақ ол бір ай шамасында ара-тұра жұмыс істеді. Бүгін ол роутер мүлдем жұмыс істемейді. Аудандық әкімдікте Қойгелді ауылының мәселесін бірінші рет естіп тұрғандай сыңай танытты. Біздің сұрақтарға жауап беру барысында аудан басшысы аталған ауылға екі рет барғанын айтты. Айдар Байменов басшылық қызметке бірнеше ай бұрын ғана тағайындалған. Оның айтуынша, оның ауылға жасаған сапарлары кезінде Интернет жергілікті әкімдікте, мектепте және амбулаторияда да болған. Біз мұндай сөздерге сене алмадық, сондықтан бұл сөздерді өз көзімізбен тексеріп интернет қана емес аталған ғимарттардың да жоқ екендігіне көз жеткіздік. Амбулатория орнына ауылда медпункт жұмыс істеп тұр, ал әкімдік қызметкерлері отырған ең жақын әкімшілік ғимарат Қойгелдіден жеті шақырымдай жерде орналасқан Волгодоновка ауылында орналасқан.
Айдар Бәйменов, Аршалы ауданының әкімі: — Алдағы уақытта біз бұл мәселені мүдделі органдармен, оның ішінде ұялы байланысты таратуға ниет білдіретін жеке компаниялармен шешеміз. Тұрғындар өз қаражаты есебінен сатып алған роутерлердің техникалық жағдайын тексеріп береміз.
Нәтижесінде облыс әкімі интернет сигналының сапасын тексеру үшін тағы да Қойгелдіге баруға шешім қабылдады.
Источник: 24.kz