24 сәуірде елордада өткен жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ҚХА мүшелері, жастар, еріктілер, қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Сенбілікте 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. 700-ге жуық техника бас қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға жұмылдырылды.
«Мен бүгін елордада өтіп жатқан экологиялық сенбілікте ағаштар отырғызып, қаламызды тазартуға қатысқаныма қуаныштымын. Ағаштарды отырғызу және оларға күтім жасау біз үшін үлкен қуаныш. Осы ботаникалық саябаққа 1000-нан астам түрлі ағаштар отырғызылған. Қала күннен-күнге көркейіп келеді. Әсіресе Есіл өзені өте әдемі. Күн сайын біз жаңа құрылыстар мен жаңа үйлерді көреміз», — деді ҚХА Кеңесінің мүшесі Юсуф Келигов.
Бүгінгі сенбілікке астаналық еңбек ұжымдары мен жұмысшылардың белсенді қатысуы қоғамның қалаға деген мұқият көзқарасының басты белгісі болып табылады. Қала тазалық аумағына айналуы тиіс. Жалпы «Бірге Таза Қазақстан» экологиялық сенбілік аясында елордада 16 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
«Бүгін қалалық мәслихаттың депутаттары қолдарына күректер мен тырмаларды алып, жалпы қалалық сенбілік аясында Триатлон паркінің аумағын тазалады. Депутаттардың көпшілігі балаларымен бірге сенбілікке қатысты. Сонымен қатар бүгін біз жүзден астам шырша мен қайың көшеттерін отырғыздық. Мен қаламызды абаттандыру мен көгалдандыруға қатысқан астана тұрғындары мен қонақтарына депутаттық корпус атынан және өз атымнан алғыс айтамын. Барлығымыз Астанамыздың таза және әдемі болғанын қалаймыз. Қаламыздың көркеюіне үлес қосқысы келетіндердің көп болғаны қуантады», — деді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Жалпы қалалық сенбілікке елорданың ақындары, жазушылары да белсенді қатысқанын атап өткен жөн. Сенбілікке қатысушылар «Жазушылар аллеясына» 25 ағаш отырғызды. Жазушылармен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен және Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов сенбілікке ат салысты.
«Бүгін бүкіл республика бойынша сенбілік өтіп жатыр. Осындай игі істе астаналық қаламгерлер өз үлестерін қосуды тілеп, көтеріңкі көңіл-күймен жиналды. Бүгін біздің қолымызбен «Жазушылар аллеясына» 25 ағаш отырғызылды», — деді Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы.
Жалпы қалалық сенбіліктің басты мақсаты — қаланың тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру проблемаларына қоғам назарын аудару.
Барлық іс-шаралар санитарлық нормаларға сәйкес жүргізілді.
Источник: Казинформ