Алты айлық оқудан кейін бұл жандар кепілдендірілген жұмысқа орналаса алады.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Ақзамованың айтуынша, биыл облыста жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 700 миллион теңге бөлінген. Осы қаражатқа 9390 адам көмек алады, бүгінде бағдарламаға 3,5 мыңнан астам адам қатысуда.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасының «Еңбек» бірінші бағыты аясында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 215 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Олар сылақшы, сырлаушы, бетоншы, аспазшы сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылатын болады.
«Сонымен қатар біз осы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды массаж терапевті мамандығына оқуға қабылдай бастадық. Оқу мерзімі 6 айға созылады, оқудан соң курс аяқтаушылар жұмысқа орналастырылады», — деді Динара Ақзамова.
Оның айтуынша бірінші бағыт бойынша «Бизнес Бастау» мектебіне 89 жұмыссыз жіберілді. Бизнес-жобаларды қорғағаннан кейін оларға гранттар бөлінеді. Биыл осындай 215 грант жоспарланған.