Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру биыл 35,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жол картасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда:
Біріншіден: халықтың өмір сүру сапасын жақсарту;
Екіншіден: ШОБ қаржыландырудың қол жетімділігін арттыру;
Үшіншіден: агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;
Төртіншіден: аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту.
«Бірінші бағыт бойынша 19 мың жұмыс орнын құру арқылы барлығы 136 жоба жүзеге асырылады, оның 7,5 мың жұмыс орны тұрақты. 64 жаңа мектеп, 13 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы, ирригациялық кешенді жаңарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Жобаларды таңдау кезінде негізгі жұмыс, тұрақты жұмыс орындарын құруға және үш ауысымды және апатты мектептердің кейбір мәселелерін шешуге, денсаулық сақтау, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға назар аударылды», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Шағын және орта бизнесті қаржыландырудың қол жетімділігін арттыру» екінші бағыты аясында 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер беру көзделіп отыр. Ет өнімдерін, сүт, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету және басқаларын өндіру мен қайта өңдеу жобаларын қамтитын 5,5 мың жобадан тұратын 22,5 млрд.теңгелік жобалар жиынтығы құрылды.
Министрдің айтуынша өңірлерде шағын несиелеу құралын іске асырудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін 15 МКҰ құрылды. Шағын несие алушылар қосымша 10,6 мың жұмыс орнын ашады. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, соңғы қарыз алушы үшін 6%-дық мөлшерлемемен 100 млрд.теңге сомасында субсидияланған ставканы ескере отырып 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту аясында 6 мыңға жуық жұмыс орны жеңілдетілген несиелеу және кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру, сондай-ақ жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылық емес қолдау көрсету арқылы құрылады», — деді С.Шапкенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биылғы жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы келесілерді іске асыруға мүмкіндік береді деп толықтырды:
— 35,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның 55% -дан астамы тұрақты. Отбасы мүшелерін ескере отырып, шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі;
— әлеуметтік активтерді құру арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту;
— жаңа өндірістер құру арқылы нарықты отандық өндірілген өніммен ққамтамасыз ету; елдің ЖІӨ құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру.