Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» ұлттық жобасы туралы айтты.
«Бірінші ұлттық басымдылықтың негізгі ұлттық индикаторларына қол жеткізу үшін — әділетті әлеуметтік саясат, Қазақстан Республикасының ұлттық даму жоспары, сондай-ақ еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасының міндеттері үшін министрлік «Еңбек» ұлттық жобасын әзірледі», — деді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.
Оның айтуынша негізгі міндеттердің бірі — жұмыс күшінің дағдыларын дамыту.
«Еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту — 4 оқыту жобасын қарастырады, атап айтқанда: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша сұранысқа ие мамандықтар бойынша, тәлімгермен жұмыс орнында оқыту және жалақы субсидиялары. Электронды еңбек биржасында және өңіраралық оқу орталықтарында онлайн тәртіпте оқыту. Болашақтың ІТ-мамандарын жетекші IT орталықтарды жұмылдыра отырып дайындау», — деді вице-министр.
«5 жылда 210 мың адамды оқыту және олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 80% дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша Министрлік мүдделі тараптармен бірге білім мен дағдыларды игеру тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде», — деп қорытындылады Е.Біржанов.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов автоматтандыру нәтижелері бойынша болжамымен бөлісіп, ел экономикасының ең төмен нәтижелі салаларын атаған болатын.