Құқықтары шектелгендер. Мүгедектігі бар жандардың қиындықтары және биліктің өмірді жақсарту туралы уәделері
Мүмкіндігі шектеулі адамдар өз проблемалары мен Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жоқтығы туралы жиі айтып келедуі. Құқық қорғау қоғамында мүгедектігі бар жандар жүгінетін шенеуніктер «адамды емес, жүйені қорғайды» дейді. Үкімет заңдарды қайта қарауға уәде беріп отыр.
Мүгедектігі бар жанның сергелдеңі
Теміртаулық 45 жастағы Олег Шарапатюк мемлекеттік мекемелерде, атап айтқанда соттарға жиі барады. Ол көптеген жылдар бойы ауыртпалықсыз қозғалуға мүмкіндік беретін жаңа протез үшін күресіп келеді. Кезінде мықты және еңбекқор адам, өндірістік зауыттың экспедиторы болған. Жұмыс берушінің кінәсінен аяғынан айырылған. Шарапатюкке үшінші мүгедектік тобы тағайындалған. Оның қалыпты протезі бар ма, жоқ па мемлекеттік органдардың ешқайсысы қызығушылық танытпайды және бақыламайды, сот оған жаңа протез алуға мүмкіндік бермей келеді.
— Мен сонда үйде өмір бойы отыруым керек пе? Біздегі заңдар қандай ғажап? Неге бірде-бір билік бұны бақыламайды? Неліктен мемлекетімізде мүгедектігі бар жандарға мемлекет қамқорлық жасамайды? Протезді қолданудың үш жылдық мерзімі өткен жылы аяқталды, заң бойынша мен онсыз да істен шыққан, қолайсыздық тудыратын, денсаулығыма кері әсерін тигізетін, тіпті белгілі бір аурулар тудыратын протезді ауыстыруға құқылымын. Бірақ сот мұны ескермей отыр, ал жұмыс беруші жаңа протез сатып алудан бас тартады, дейді Олег Шарапатюк.
Сәуір айында Олег тағы да сотта өзіне жаңа протез алу құқығын қорғауға тырысты, бірақ судья «денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру» ісі бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Бұрынғы жұмыс беруші соттан талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Сот мүгедектігі бар адамның аяғындағы протезді ауыстыру үшін ақша өндіру туралы талап-арызды қанағаттандырмады.
Олегтің азды-көпті қалыпты өмірге оралуына көмектесетін протез құны бес жарым миллион теңгеден асады (шамамен 13 мың доллар). Мамыр айының басында «Азаттық» арнасы аяғы жоқ және протезі сынған Шарапатюктің қалай күн көретіні туралы видео жариялаған болатын.
«Азаттық» оқырмандары Олегке арнап 128 мың теңге жинады, ол үшін ол қамқор адамдарға алғысы шексіз. Ол бұл ақшаны протезге деп жинап қойған. Бірақ кейіпкеріміз әлі де бұрынғы жұмыс беруші де, билік те протез мәселесін шешіп бермей отырғанын алға тартады. Өзінің алатын жәрдемақысы негізінен дәрі-дәрмектерге жұмсалады. Олег мемлекеттік органдардың шетте қалып, протез мәселесін жалғыз шешуге мәжбүр екендігін айтты. Олег бұқаралық ақпарат құралдарында проблемасын ашық жариялағаннан бері, не билік органдарынан, не бұрынғы жұмыс беруші байланысқа шықпаған.
Сот төрелігінен үмітін үзбеген Олег облыстық сотқа шағым түсірді. Сотта арыз әлі қарастырылмаған. Егер бұл жолы сот Олегтің пайдасына шешілмесе, протезге өзі қаражат жинауы тиіс болады. Кейіпкеріміз мемлекеттің мүгедектігі бар жандарға деген қарым-қатынасына наразы.
— Мысалы, әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар жандар үкіметке төленетін жәрдемақыны көбейту, баспанамен қамтамасыз ету, кейбір қызметтерді көрсету туралы мәселе көтерген болатын.
Маған үшінші топтағы мүгедектік берілді. Үкімет қандай да бір себептермен үшінші топты мүгедектік деп санамайды. Барлық жерде тек бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға жеңілдіктер немесе қандай-да бір көмек көрсетеді, — дейді Олег Шарапатюк.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес, егер қызметкердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілсе, жұмыс беруші зиянды өтеуге міндетті. Сонымен қатар жарақат алған немесе денсаулығына зиян келтірген жағдайда, ол жоғалтқан немесе міндетті түрде ала алатын табысы өтелуі тиіс. Белгіленген еңбек кодексінің шегінде қызметкер денсаулығына зиян келтіруден (емдеу, қосымша тамақтану, дәрі-дәрмек сатып алу, протездеу, сыртынан күтім жасау, курорттық емдеу, арнайы көлік құралдарын сатып алу, басқа кәсіпке оқыту және т.б.) шығыстарды денсаулығына зиян келтірген жұмыс беруші өтейді. Бірақ бір ескерту бар: егер жәбірленушіге көмек пен күтімнің осы түрлері қажет екендігі және оларды тегін алмайтындығы анықталса деген.
Бірақ мүгедіктігі бар жандар үнемі заңмен талап етілетін нәрсеге қол жеткізе алмайтындығын айтып жатады.
Мүмкін емес жағдайларда жан сақтау
Соңғы кездері Қазақстандағы көптеген әлеуметтік топтар, мүгедектігі бар жандар да өздерінің құқықтарының бұзылуы туралы жиі айта бастады, дейді құқық қорғаушы және зерттеуші Ирра Белфер.
Белфердің айтуынша адамдар тек бір-бірінен қолдау табады. Адам құқығы, толеранттылық, инклюзия сияқты терминдер біртіндеп қолданысқа ене бастады.
Сарапшы бұдан бес жыл бұрын көптеген адамдар бір-біріне тек «ас үйде» шағымданумен шектеліп, шағым жазсам қолымдағы барымнан айырыламын деген оймен мұны көпшілік алдында жария етуден немесе шағым жазудан бас тартатын дейді.
— Қарсылық білдірсеңіз қолыңыздағы барыңыздан айырыласыз деген қорқыныш көпшіліктің басына орнықты. Ресурстарға қол жетімділікті кейіннен шектеу туралы қорқыныш жоқ жерден пайда болған жоқ.
Біздің елдегі мемлекеттік қызметкерлер міндеттері жоғарыдан біреуге жұмыстың қалай керемет жүргізіліп жатқандығы туралы есеп беру емес екенін түсінбейді. Олардың жұмысы адамдарға бағытталған болуы керек. Ал адам жүйенің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) зардап шеккен кезде, оның құқықтары бұзылды десе, мемлекеттік қызметкерлер қорғаныс позициясын ұстап, адамды емес, жүйені қорғай бастайды. Әр жиналыста мен белгілі бір дискриминациялық жағдайды туралы айтқан сәтте уәкілетті мемлекеттік қызметші бұл «шындыққа сәйкес келмейді» деген жауап береді (мен бірнеше рет осындай жауап алғанмын), өйткені есеп бойынша жағдай басқаша.
Салдарынан адамдар «дәлелдеуші деректерді» өздері жинауға мәжбүр болады — олар күн сайын кездесіп отыратын құқық бұзушылықтарды түсіріп, жариялауы керек», — деді құқық қорғаушы Ирра Белфер.
Белфердің айтуынша, әлеуметтік желілерде біреудің құқығының бұзылғаны туралы жазбаларды көбірек көруге болады.
— Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бірі — біз қажетті өзгерістерге «қолдау көрсететін» масса жинау үшін «қарапайым» азаматтардың арасында жақтастардың санын көбейтуге тырысамыз, өйткені қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жабық есіктерінің ар жағында болып жатқан әрекеттер жағдайды жүйелік тұрғыдан өзгертпейді. Адамдар реформаларды талап етеді — мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қайырымдылық тұрғысынан адам құқығына негізделген әлеуметтік тәсілге дейін. Бұл өзгерістер тек есеп беру форматында қалмай, іс жүзінде орын алуы үшін мемлекеттік қызметшілер өз жұмысын қандай да бір кемсітусіз барлық адам құқықтарының толық іске асырылуын қамтамасыз ету жауапкершілігіне негізделген етіп қайта құруы қажет, — дейді Ирра Белфер.
Қазақстан 2015 жылы БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады, мүгедектерге қатысты міндеттемелерді өз мойнына алды: оларға тиісті өмір деңгейіне, әлеуметтік және құқықтық қорғау және тағы басқалар кепілдік беру қарастырылған. Бірақ іс жүзінде соңғы алты жылда кемсітушіліктен арылуда аз ғана жетістіктерге қол жеткізілді.
6 мамырда АҚШ елшісі Уильям Мозердің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында қазақстандық құқық қорғаушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына тоқталып, адам құқықтарының ахуалы туралы өз ойларымен бөлісті. Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектігі бар жандар құқықтары жөніндегі комиссияның жетекшісі Вениамин Алаев мүгедектігі бар жандар азаматтардың ең осал санаты болып қала беретіндігін атап өтті. Пандемия кезінде олардың жағдайы тек нашарлай түсті.
—Тіпті қалыпты жағдайда да мүгедектігі бар жандарға ақпарат алу, денсаулық сақтау және табыс табу мүмкіндігі аз. Пандемия бұл теңсіздікті тек күшейтті, деді Алаев.
Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектігі бар жандардың құқықтары жөніндегі комиссияның жетекшісі Вениамин Алаев:
Пандемия кезінде, Қазақстанның ірі қалаларында локдаун енгізілген кезде, кейбір мүгедектігі бар жандар өздерін мемлекеттен қолдау алу үшін тізімнен таба алмады және көмек тізіміне ену үшін әкімдіктерге жүгінуге мәжбүр болды. Елдегі коронавирустың жағдайы туралы ресми ақпаратты тарататын веб-сайт пен телеграм арнасы нашар көретін және зағип пайдаланушыларға бейімделмеген. Жеке көмекшілердің қызметін пайдаланатын адамдар үшін қиындықтар пайда болды. Белгілі бір уақыт аралығында олардың қызметтерін пайдалану сегізден төрт сағатқа дейін қысқарды. Қашықтықтан білім беруге ауысу мүмкіндігі шектеулі студенттерге сапалы қызмет көрсетуде кедергі болды. Бетперде кию талаптарының енгізілуіне байланысты саңыраулар толық ақпарат ала алмады, өйткені олар еріннен оқып, ымдау тілін қолданады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің сайтында жарияланған ресми мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы бұзудың тек 38 фактісі тіркеліп, қаралды. Бұл мәліметтерге сәйкес, қылмыскерлерге қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы бұйрықтар шығарылған. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл сандар мүгедектігі бар жандардың құқықтарын бұзуға қатысты жағдайлардың нақты сипатын көрсетпейді.
Мүгедектігі бар тұлғалардың өмірін жақсартуға берілетін уәделер
Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Бұл жалпы халықтың 3,7 пайызын құрайды. Өткен жылы бірінші рет 374 адам кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты мүгедектігі бар деп танылды, дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қазіргі кезде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту мәселелері қарастырылып жатыр ма деген сұраққа агенттік өзінің жоспарларының сипаттамасын келтірген. Жоспардың бір тармағы — бұл барлық негізгі құқықтарды қамтитын және ең төменгі әлеуметтік стандарттарды анықтайтын әлеуметтік кодексті әзірлеу (25 мамырда кодекс тұжырымдамасының жобасы ашық мәліметтер порталында талқылауға орналастырылды).
«Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеу аясында квотаны орындамаған жұмыс берушілерге өтемақы төлемдерін енгізу қосымша пысықталады. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын Ұлттық жоба етіп қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Көрсетілген іс-шаралардың нақтылығын күшейту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыссыз мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарына басымдық беру, мүгедектігі бар жандар жалақысының субсидияланған бөлігін 50% дейін көтеру тетіктері дайындалуда. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ақпараттық жүйелердің көмегімен жұмыс берушілердің квотаны орындауына тұрақты мониторинг жүргізу жоспарланып отыр», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов сауалға берген жауабында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов:
Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, мүгедектігі бар жандарға пайдалануға, сондай-ақ электронды түрде жұмыс іздеуді жақсартуға арналған enbek.kz еңбек биржасын жетілдіру мақсатында мүгедектігі бар жандарға арналған «Кәсіптер атласы» әзірленді.
Сондай-ақ сауалға жауап ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қазір Парламент Мәжілісінде қаралуда екені көрсетілген. Өзгерістер 15 заңнамалық актіге әсер етеді. Онда бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім жасау үшін мүгедектік себептеріне қарамастан, үнемі сырттан күтімді қажет ететін жеңілдіктер енгізу көзделгені туралы хабарланды; мүмкіндігі шектеулі балаларды аурудың ауырлығына байланысты топтарға бөлу; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақыны бір уақытта алу құқығын беру қарастырылуда.
Еңбек министрлігі мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастыру туралы сұраққа жауап бере отырып, «жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар жандарға жұмыс орындарының квотасын 2-ден 4 пайызға дейін белгілеу арқылы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді». Сонымен бірге билік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша (2021 ж. аяқталады) мүгедектігі бар жандар сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтуге, кәсіпкерлік негіздерін үйренуге, бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (бұл шамамен 1350 доллар) шығынсыз шағын несиелер мен гранттарды алуға құқылы дейді.
Ресми жауапта бәрі әдемі көрінеді. Шын мәнінде мүгедектігі бар жандар жұмысқа орналасу мүмкіндігі, тіпті олар білім алған жағдайда да өте шектеулі екендігін алға тартады.
Теміртаулық Олег Шарапатюк аяғынан айырылып мардымсыз жәрдемақымен өмір сүріп жүрсе де үмітін үзбей, SMM маманы жаңа кәсіпті игермек. Оқу үшін ол алты айға несиеге ноутбук сатып алды. Ол жаңа мамандық бойынша жұмыс таба алмады. Жұмыс берушілер тәжірибе талап етті. Басқа жерлерден жұмыс іздеу үшін қандай да бір жолмен қозғалу керек, ал қозғалу үшін протез керек. Олег осындай тұйықталған шеңбер құрсауында.