Кейбір иттер іс жүзінде «адамды түсіну» қабілетімен туады, бұл олардың гендерінде осындай қабілеттің бар екендігін көрсетеді. Мұндай тұжырымды зерттеушілер бейсенбіде Current Biology журналында жариялады.
Аризона университетінің Кеннел институтының бір топ ғалымдары екі айлық лабрадор күшіктерінің мінез-құлқын қадағалап, иттерді арнайы ешкім үйретіп оқытпаса да олар адамның көптеген сигналдарын, тіпті оның бет-әлпетіндегі өзгерістерді ажыратуға қабілетті екеніне көз жеткізді.
«Біздің зерттеулеріміз иттердің адамдармен араласу әлеуметтік дағдылары ерте жастан дамитынын және көбінесе олардың гендерімен анықталатынын көрсетеді», — дейді зерттеуге қатысушылардың бірі Эмили Брэй.
«Күшіктер адамның әр түрлі ым-ишараларына жақсы жауап береді және біз олардың бұрын үйретілгендігі туралы ешқандай дәлел таппадық». Тәжірибе үшін шамамен екі айлық жастағы 375 күшік таңдалды. Олар серіктес иттерді оқыту орталығынан алынды. Ол күшіктердің «тұқым қуалаушылық факторы» туралы айтуға мүмкіндік беретін шығу тектері толық белгілі болды. Күшіктер туғаннан питомникте болып, олардың ешқайсысы жаттықтырушымен әлі кездеспеген. Зерттеушілер оларды әртүрлі сынақтардан өткізіп, егер бұл жануарлардың адамдармен өзара әрекеттесу қабілеті биологиялық тұрғыдан анықталса, ол жас кезінен-ақ көрінуі керек деген болжам жасады.
«Сынаққа алынғандардың көпшілігі 70% жағдайда өздеріне жүктелген міндеттерді орындады. Бұл керемет нәтиже емес, бірақ кездейсоқтық шегінен жоғары», — деді Брэй журналистерге.
Кейінірек ересек жаста бұл иттер екінші рет сол критерийлер бойынша «сыналды». Олардың барлығы тапсырмаларды әлдеқайда жақсы орындады. «Күшік адаммен қаншалықты жақсы қарым-қатынас жасай алатындығына байланысты оның қаншалықты қызметтік ит бола алатынын білуге болады», — деді Брэй.
Бұл зерттеу болашақта қызметтік иттерді таңдауда пайдалы болатындығын айтты.