Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Токиода өтетін Олимпиада ойындары мен Паралимпиаданың жолдама иелерімен кездесті.
Аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта өткен. Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Жамбыл облысынан Токиоға сегіз спортшы барады. Боксшы Әбілхан Аманқұл, дзюдошы Елдос Сметов, палуан Ерғали Алишер, су полошысы Алтай Алтаев, таэквондошы Руслан Жапаров, жүзуші Зульфия Габидуллина, таэквондошы Нышан Өмірәли, жеңіл атлетші Салтанат Әбілқасымқызы.
«Спортшылар Отанымыздың беделін әлемдік аренада дәріптейді. Сіздердің арқаларыңызда әлемде біз туралы ел және ұлт ретінде көбірек білетін болады. Әулиеата жері көптеген көрнекті спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Болат Джумадилов, Ислам Байрамуков, Бахтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров және басқа да жеңімпаздардың есімдері тәуелсіз Қазақстанның спорттық даңқы тарихына алтын әріптермен жазылды.
Паралимпиаданың жүзуден алғашқы чемпионы болған Зульфия Габидуллинамен біз мақтанамыз. Бүгінде көрнекті спортшылардың тәрбиеленушілері біздің облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатуда. Әр спортшының арманы — Олимпиада ойындарына қатысу. Соңғы 30 жыл ішінде Әнұранымыз ойналмаған және Туымыз көтерілмеген бірде-бір Олимпиада болған жоқ. Кезекті Олимпиада және Паралимпиада ойындары қарсаңында сіздермен жеке кездесіп, сәттілік пен жеңіс тілейін деп шештім», — деді облыс әкімі спортшыларға.
Дзюдошы, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов облыс әкімшілігіне жан-жақты қолдау мен тұрақты қамқорлық үшін алғысын білдірді. Спортшы еліміздің туының басқалардан жоғары көтерілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп сендірді.
Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина жаттығулар жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Ол барлық спортшыларға жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Ресейдің ЦСКА клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов Зульфия Габидуллинаның сөзіне қосылды. Ол аймақ басшысына ЦСКА клубының формасын сыйлады. Облыс әкімі өзінің футбол жанкүйері екенін және Бахтиер Зайнутдиновтың жетістіктерін қадағалап отыратынын айтты. Әкім ойыншыны үлкен болашақ күтіп тұрғанына сенім білдірді. Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев олимпиадаға қатысушылар мен олардың жаттықтырушыларына Жамбыл облысында арнайы сыйлық берілетіндігі туралы жаңалықпен жиналғандарды қуантты.