2021 жылдың 25 маусымында елорданың мемлекеттік және жеке меншік колледждеріне құжаттар қабылдау басталады. Жаңа ережелерге сәйкес педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы сынақтарды қоспағанда, колледждерге түсу емтихандары тоқтатылады, деп атап өтті қалалық әкімдікте өткен брифингте Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова.
Тегін оқыту
Қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтар бойынша ТжКБ-да 2025 жылға дейін 100% тегін білім беруге кезең-кезеңмен көшу жоспарлануда, деп атап өтті ведомствоның өкілі брифингте:
Елордада 34 колледж бар: 9 Мемлекеттік, 25 жеке меншік, 26492 студентті қамтиды, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 14085 адам (53,3%).
– «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы шеңберінде 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 15 бағыт бойынша және 49 сұранысқа ие мамандықтар бойынша 4752 орынға, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша-1050 орын жұмыс біліктіліктері бойынша тегін білім алу үшін қалыптастырылды.
Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс елорданың 21 колледжінде (9 мемлекеттік, 12 жеке) 4 652 орынға орналастырылды, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен – 3602 орын және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 1050 орын. Биыл мемлекеттік тапсырыс өткен жылмен салыстырғанда тағы 100 орынға ұлғайтылды.
Сұранысқа ие мамандықтар.
Елордада мектептер мен балабақшалар санының өсуіне, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының дамуына байланысты білім беру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері мен сервис және қызмет көрсету, құрылыс, коммуналдық-шаруашылық қызметтер саласындағы жұмысшы кадрларға қажеттілік артып келеді, деп атап өтілді брифингте.
Даярлау мына бағыттар бойынша 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүргізіледі: сервис және қызмет көрсету – 20,4%, білім беру – 11,5%, медицина – 14,5%, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника – 9,3%, энергетика және көлік – 9,1%, өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу (салалар бойынша) – 12,6%, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар – 13,8%.
– Биылғы жылы осы сұранысқа ие қызмет салаларына кадрлар даярлауға арналған орындар саны артты, — деп түсіндірді Римма Иманғазинова. Ағымдағы жылы ТжКББ кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысу үшін 25 колледж (9 мемлекеттік, 16 жеке меншік) өтінім берді. Өңірлік комиссияның шешімімен 20 маусымға дейін колледждер мемлекеттік тапсырысқа қатысуға рұқсат алады.
Сонымен қатар, жаңа қағидалар бойынша, техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ҚР БҒМ «студентке ақша» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігін әзірледі.
– Егер бұрын колледждерге қабылдау мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген орындарға өткізілген болса, жаңа механизм бойынша талапкерлердің өздері колледждер мен мамандықтарды таңдайды, яғни мемлекеттік тапсырыс талапкердің таңдауы бойынша колледждерге нақты қабылдау нәтижелері бойынша орналастырылады,- деп түсіндірді спикер. Бұл мемлекеттік тапсырысты бөлудің және талапкерлерді колледждерге қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Өзіңізді тексеріңіз
Сондай-ақ, биыл алғаш рет барлық мектеп түлектеріне ақпараттық жүйе арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі беріледі. Нәтижесінде талапкерлер белгілі бір мамандықты алу үшін кеңестер алады, ұсынылған мамандықтардың карталарымен танысады. Кәсіби диагностиканың қорытындылары ұсынымдық сипатқа ие және мамандық таңдау кезінде түсінік береді.
Маңызды түзету!
Жұмысшы біліктіліктері (аспазшы, бала күтуші, тігінші, дәнекерлеуші, сантехник және т.б.) бойынша немесе «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде колледжге тікелей өтініш беретін талапкерлер ақпараттық жүйені пайдалана алмайды. Жұмысшы мамандықтарына қабылдау конкурстан тыс, колледждегі сұхбат арқылы өтеді.
Қабылдау шарттары
Сонымен, ТжКБ ұйымдарына қабылдау 25 маусымнан басталады.
Құжаттар екі жолмен қабылданады: электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе тікелей колледжге жүгінген кезде, кәмелетке толғандар жеке өзі, кәмелетке толмағандар заңды өкілінің қатысуымен.
Талапкерлер орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарына өтініш бере алады, бұл ретте төрт оқу орнына дейін және төрт мамандық пен біліктілікке дейін таңдай алады. Бұл талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Биыл оқуға түсу емтихандары алынып тасталады, ал конкурс пәндер бойынша аттестаттағы орташа конкурстық балл бойынша ақпараттық жүйе арқылы автоматтандырылған режимде өткізілетін болады.
9-сынып үшін: қазақ (орыс) тілі, мамандық бейіні бойынша екі пән. 11-сынып үшін: қазақ (орыс) тілі, Қазақстан тарихы және мамандық бейіні бойынша екі пән, – деп түсіндірді спикер.
— Педагогикалық, медициналық мамандықтар, сондай-ақ өнер және мәдениет мамандықтары бойынша оқуға түсушілер ерекше жағдай болып табылады. Олар арнайы және / немесе шығармашылық емтихандарды, сондай-ақ психометриялық тестілеуді тапсырады.
9-сынып түлектері үшін мамандықтар мен колледждер бойынша бөлу 23 тамызға дейін жүргізіледі. 11 сыныпты бітірушілер үшін-25 тамызға дейін.
Квота
ТжКБ ұйымдарына оқуға түсу кезінде 9 санат бойынша квоталар көзделген: 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектігі бар жандар, мүгедектігі бар балалар және оларды тәрбиелеуші отбасылар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ауыл жастары, жетім балалар, көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балалар, «қандас» (оралмандар) санаты.
Барлық квоталар талапкердің жағдайын куәландыратын құжатпен расталуы тиіс.
Тізімдер жарияланады
Конкурс қорытындысы бойынша мамандықтар мен колледждерге түскендердің тізімі басқарманың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
Оқуға түсудің барлық мәселелері бойынша абитуриенттер таңдалған колледжге өтініш бере алады, онда 25 маусымнан бастап қабылдау комиссиялары жұмыс істейді, жұмыс кестесі сағат 9:00 ден 18:00 ге дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін. Демалыс – жексенбі, мереке күндері.
Қызықтыратын сұрақтарды колледждердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы да қоюға болады. Байланыс телефондарын колледждердің сайттарынан, әлеуметтік желілерінен және Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасының ресми сайтынан табуға болады.