Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру жөнінде ашық конкурс жариялады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.
Өтінімдер 2026 жылғы 15–20 қазан аралығында тек kezekte.kz платформасы арқылы онлайн форматта қабылданады.
Белгіленген мерзімнен кейін келіп түскен өтінімдер қабылданбайды.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысанға сәйкес электрондық өтінім мен құжаттардың толық топтамасын ұсынуы қажет.
Мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қойылатын талаптар:
• кәсіпкердің жобаны іске асыру шығындарының кемінде 20%-ын қоса қаржыландыруы. Бұл ретте бизнес-жобаға тартылатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік те есепке алынады;
• жаңа жұмыс орындарын құру;
• жобаны іске асыруға қажетті инфрақұрылымның болуын немесе оны құруды көздейтін инвестициялық жоспардың болуы.
Мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдалануға болады:
• тауар өндіруге немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, оның ішінде құрылыс, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру, сондай-ақ шикізат пен материалдар сатып алу;
• материалдық емес активтерді сатып алу;
• технологияларды сатып алу;
• франчайзинг құқықтарын сатып алу;
• ғылыми-зерттеу жұмыстарына немесе жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарды өтеу.
Мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.
Кәсіпкер бизнес-жобаны грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде іске асыруы тиіс.
Қосымша ақпарат алу үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: +7 (7172) 556-903, +7 (7172) 556-919, +7 (7172) 556-921, +7 (7172) 556-910.
Электрондық пошта: b.kasymov@astana.kz