Аталмыш министрліктің қызметкерлері Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты екендігі анықталған.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде отырыс өткізіліп, Жамбыл облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы М.Есбулганова, оның орынбасары С.Тұңғышбаев, осы департамент бастығы м.а. М.Зейнебековке қатысты қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен жағдайларды жою туралы ұсыныстар қаралды.
Онлайн-отырысқа Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аппарат басшысы, сондай-ақ министрліктің аймақтық департаменттерінің басшылығы қатысты.
Құжатта департамент басшысы М.Есбулганованың өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, министрлік басшылығына 2 000 000 теңге көлемінде пара беруді сылтауратып, бұл қаражатты алаяқтық жолмен алғаны айтылды.
Осы дерек бойынша М.С.Есбулгановаға қатысты алаяқтық әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190 бабы 2 бөлімі, пара беруге итермелегені үшін Қылмыстық кодексінің 367 бабы 2 бөлімі бойынша айыптау деректерімен сотта қарастыруға жолданды. С.Х.Тұңғышбаевқа қатысты шенеунікке пара алу әрекеті бойынша Қылмыстық кодексінің 367 бабы 2-бөлім бойынша қылмыстық істі сотта қарастыруға жолданды.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының №2 соты істі қарастыруда. Министрлік жауапты хатшысының 2020 жылғы 01 қазандағы М.С.Есбулганованың қызметтік өкілеттіктерін орындауды уақытша тоқтата тұру туралы бұйрығы негізінде, Департамент басшысының міндеттері М.С.Зейнебековке жүктелді, — деді ІІБ тергеушісі Жасұлан Керімбаев.
Алайда тергеуші атап өткендей, Зейнебеков әріптестерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы негізінде ісі сотта қаралатынынан ешбір сабақ алмаған. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, Тараз қаласының тұрғыны №5 Тараз қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Р.Е.Аймурзаевтан 2-топтағы мүгедектікті ұзартуға көмектескені үшін 100 000 теңге пара алған.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп, оған сәйкес М.С.Зейнебеков көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 500 000 теңге айыппұл салынды, деп толықтырды Жасұлан Керімбаев.
Ұсынысты қарау барысында Еңбек министрлігінің аппарат басшысы Аида Құрманғалиева аумақтық департаменттердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Ағымдағы жылдың 14 маусымында министрлікте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша аумақтық департаменттердің барлық жеке құрамының қатысуымен кеңес өтті. 2 мамырда Еңбек министрі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын-алу жөніндегі Жол картасын бекітті. Жол картасы аясында аумақтық департаменттердің штаттық кестесіне, сондай-ақ комитеттің және оның аумақтық департаменттерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілгенін атап өткім келеді, оның нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныстар жасалды. Бұл кезде жұмыс тобының Түркістан мен Шымкент қалаларының бөлімдеріне сапары жүзеге асырылды. Жақын арада Жамбыл облысына бару жоспарланып отыр. Жыл ішінде мүгедектігі бар жандардың орталықтандырылған мәліметтер базасының ақпараттық жүйесіне өзара тексерулер жүргізіледі. Тоқсан сайын аумақтық департаменттердің қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру бойынша семинарлар өткізіліп тұрады, — деді Аида Құрманғалиева.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев өзінің сөзінен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстармен таныстырды.
Болашақта осы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін министрліктің жауапты қызметкерлеріне қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға байланысты тәртіптік жауапкершілік қарастыруды ұсынамыз. Бұл жағдайда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жоғарыда аталған лауазымды тұлғалары тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеті көрініс тапты, деді ол.