Мұрынның ағуы және жиі түшкіру маусымдық аллергияның белгілері оны коронавирустық пневмониядан ажыратуға көмектеседі. Сонымен қатар температураның жоғарылауы коронавирусты анықтау үшін тестілеуден өтудің негізгі сигналы болып табылады. Бұл туралы аллерголог-иммунолог Владимир Болибок айтып берді.
«Маусымдық аллергия әдетте мұрынның қышуы, көздің қызаруы сондай-ақ дененің қышуымен сипатталады. Аллергияның ең көп тараған симптомы — түшкіру, мұрыннан көп сұйықтық ағу немесе мұрынның бітелуі, бұл белгілер ковидте кездеспейді. Коронавирустық инфекция кезінде аллергияға тән емес бірден құрғақ жөтел басталады, температура көтеріледі, осы белгілер инфекцияға тест тапсыруға сигнал болып табылады», — деді дәрігер.
Еуропалық аллергология және клиникалық иммунология академиясының мүшесі аллерголог-иммунолог Мария Полнер де конъюнктивит және мұрын бітелуін маусымдық аллергияның негізгі белгілері ретінде атады.
«Коронавирусты маусымдық аллергиядан ажырату әрдайым оңайға соқпайды, өйткені аллергиялық реакцияда рино-конъюнктивит белгілері бар, яғни мұрын бітеліп, мұрын жолдарының ісінуі, жөтел пайда болуы және көздің сулануы мүмкін. Коронавирустық инфекция кез-келген ЖРВИ сияқты, ұқсас белгілерден басталуы мүмкін», — деді дәрігер.
Маманның айтуы бойынша, аллергиялық реакцияның басты айырмашылығы мұрын қуысында және көзде қышу пайда болу. Сонымен бірге аллергиямен ауыратындардың температурасы 37,5 градустан жоғары көтерілмейді. Орташа және ауыр ковид жағдайында температура 37,5-тен жоғары көтеріледі. Бұл симптом аллергиялық реакцияларға тән емес. Сондай-ақ аллергиямен ауыратындардың бірнеше жылдар бойы келе жатқан белгілі бір тарихы болады», — деп түсіндірді дәрігер.
Кез келген күдікті симптомдардың пайда болуы тест тапсыруға негіз бола алады, деп атап көрсетті Полнер.
«Кез-келген күдікті белгілер пайда болғанда ауруды анықтау үшін ПТР-тестін өткізу керек. Егер бірқатар белгілер тек осы жылы пайда болса және бұл бұрын-соңды болмаған болса, онда тестті кем дегенде екі рет өткізіп, ковидтің жоқтығына көз жеткізіп, аллергологқа тексеріліп, аллергиялық реакцияның неден болғанын анықтау қажет», — деп қорытындылады аллерголог-иммунолог дәрігер.