Елордада мұқтаж жандарға 10 мыңнан астам азық-түлік себеттері таратылды. Бұл туралы брифингте Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Дәурен Бабамұратов хабарлады.
«Жыл басынан бері «Ізгі істер марафоны» республикалық жобасы аясында 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар жүзеге асырылды, шаралар аясында 66 мыңнан астам адам қамтылды және оларға көмек көрсетілді. Елорда әкімдігінің бастамасымен қалада соңғы алты ай «Қайырымды істер» ұранымен өтті. Нұр-Сұлтан қаласында «Жақсы істер марафоны» аясында алты ай ішінде еріктілер, әкімдік қызметкерлері, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кәсіпкерлер мұқтаж азаматтарға 10 мыңнан астам азық-түлік себеттерін таратты. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызілікті зейнеткерлерге жан-жақты көмек көрсетілді», — деді Дәурен Бабамұратов.
Оның айтуынша еріктілер мен бей-жай қарамайтын қала тұрғындары азық-түлік жиынтығын таратуда жан-жақты көмек көрсеткен.
Сонымен бірге қыста еріктілер көмекке мұқтаж тұрғындарға аулаларындағы қарды тазарту, дәрі-дәрмек сатып алу және т.б. бойынша күнделікті көмек көрсетті.
Мәселен, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ізгі істер марафоны» аясында Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің бастамасымен халықтың әлеуметтік осал топтарына 2 мыңнан астам азық-түлік себеттері таратылды. Себетті алушылар — қарт адамдар, I, II, III топтағы мүгедектігі бар жандар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар, көп балалы отбасылар.
Ежелгі мейрамдардың бірі Наурызды тойлау қарсаңында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы BAURSAKPARTY қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, оның аясында астаналық ҚХА өкілдері елорда қонақтары мен тұрғындарына арнайы пісірілген бауырсақтар таратты. Сонымен қатар мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері жеткізілді.
Қасиетті Рамазан айында 4000 отбасы азық-түлік себеттерін алды. Әлеуметтік акцияны «Халық» қайырымдылық қоры, Болат Өтемұратов қоры және басқалары қолдаған болатын.
«30 игі іс», «Біз біргеміз», «Қамқор», «Қазақстан — Берекелі шаңырақ» қайырымдылық акциялары аясында Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті. Азық-түлік себеттерін «Парасат» қайырымдылықты үйлестіру орталығы, ҚХА Аналар кеңесі, «Вайнах» Шешен-Ингуш ЭКЦ» қоғамдық бірлестіктері, «Так» татар-башқұрт мәдени орталығы», Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының филиалы жинап жеткізген болатын.
«Сондай-ақ, үнемі нан мен азық-түлік таратуды жүзеге асыратын (Рамазан айы) елорда кәсіпкерлерінің жеке бастамаларын ерекше атап өткен жөн. Бір апта ішінде олар 1000-ға жуық адамға көмек көрсетті. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған республикалық «Ізгі істер марафоны» аясында қаланың ерікті ұйымдары «Қамқорлық мекенжайлары» қайырымдылық акциясын, азық-түлік жиынтықтарын, 9 мамыр құрметіне тыл ардагерлері мен жалғызілікті зейнеткерлерге естелік сыйлықтар жеткізілді», — деп қосты Дәурен Бабамұратов.