Қазақстан Республикасының сауда және интеграция Вице-министрі Әсел Жанасова әлеуметтік әмиян жобасын бекіту мерзімдерін айтты.
«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен бірлесіп, тиісті тауар өткізу жүйесін құра отырып, Цифрлық «әлеуметтік әмиянды» енгізу тапсырылды. «Әлеуметтік әмиян» тетігін енгізудің мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтарының қаржы құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету, әлеуметтік көмекті есептеу рәсімдерін жеңілдету, әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіру, бюджет қаражатының шығыстарын оңтайландыру болып табылады», — деді Әсел Жанасова ведомствоның алқа отырысында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бұл қаражатты проактивті түрде есепке алу.
«Біз осы құралдың көмегімен азаматтардың банкке бармауын, ХҚКО-ға бармауын, бірнеше өтініш жазбауын, ал мемлекет алдын ала азаматқа арналған банктік шотының бар-жоғына қарамастан әлеуметтік әмиянға арналған соманы белсенді түрде есептеуін жоспарлап отырмыз. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша бірқатар іс-шаралар орындалды: төлем қызметтері үшін QR-кодтың бірыңғай стандартын бекіту сатысында. Бүгін біздің ұлттық стандарт жобамыз қазақстандық стандартта тұр және оны айдың соңына дейін бекіту жоспарланып отыр», — деп атап өтті спикер.
«Бұл нені қамтамасыз етеді? QR-код арқылы барлық төлемдердің, қандай банкке, қандай төлем құралына қарамастан — төлемдер қандай банкте қызмет көрсетілетініне қарамастан қабылдануын қамтамасыз етеді», — деп толықтырды вице-министр.