ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «мүгедек» кемсітушілік терминін «мүгедектігі бар адаммен» ауыстыру жоспарын жариялады.
Ерлан Әукенов сенаторлар мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасының бастамашысы болғанын айтты. «Қазір үкімет мүгедектігі бар жандар үшін олардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін маңызды тағы бір заң жобасын қарастыруда. Оны Парламент Сенаты көтерді. Ол «мүгедек» кемсітушілік терминін жойып «мүгедектігі бар адам» терминіне алмастыру, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасына «мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасы » мәртебесін беру нормаларын қарастырады. Бүгінде бұл мәртебе жоқ.
Сонымен қатар санаторий-шипажайға мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының біріне немесе қамқоршыларына емделуге тегін жолдама беру қарастырылуда. Бүгінгі күні бұл шара заңмен бекітілмеген», — деді министр.
Заң жобасы сырттай куәландыруды енгізуді заңнамалық деңгейде бекітуді қарастырады. «Бұл заң жобасында шынымен де жаңалықтар көп, жақын арада біз бұл заңды үлкен қоғамдық тыңдауларда, парламентте бөлек ұсынатын боламыз», — деп уәде етті Әукенов.