Мемлекет жалдау ақысының мөлшерлемесін субсидиялайды, деп түсіндірді вице-премьер Роман Скляр.
Жеке құрылыс компанияларына өз ақшаларына әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй салу ұсынылады, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 500 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй алу кезегінде тұр. Олар үшін қол жетімді баспана деп аталатын баспалдақты енгізу ұсынылады.
«Біз жеке құрылыс компанияларына өз ақшаларына тұрғын үй салуды, оны күтіп ұстауды, әділ жалдау ақысын тағайындауды ұсынамыз. Бұл ретте мемлекет жаңа тұрғын үй салмайды, кезекте тұрған мұқтаж адамдар бұл пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға алуы үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін субсидиялайтын болады», – деді Роман Скляр.
Оның айтуынша, кезекте тұрған азаматтардың барлығы төлемге қабілетсіз емес, олар отбасы банкінің жеңілдікті бағдарламаларын пайдалана алады.
2020 жылы ҚР халқына Жолдауында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сәйкес келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін үш жыл ішінде шешу қажет, ал тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу жағдайында тұруға мүмкіндік беру керек, деп атап өтті президент.