«Birgemiz: Qamqor» ұлттық жобасы аясында жылдың аяғында республикада қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ұзақ мерзімді күтім жүйесінің әдістемесі құрылады, деп хабарлайды азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Қазақстандағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қаржылық қолдауымен жалпыұлттық «Birgemiz: Qamqor» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба қарттар үйіне, әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына еріктілерді жұмылдырылуға арналған.
«Мархабат.KZ» мүгедектігі бар жандар қоғамының төрағасы Дарын Сағдолдиннің айтуынша әзірленген әдістеме ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.
«Бүгінде Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің тапсырысы бойынша біз әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында және қарттар үйінде қарт адамдарға ұзақ мерзімді күтім жүйесінің моделін енгізуге бағытталған жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз еліміздегі 34 қарттар үйіне бардық, әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Біз қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін әдістеме әзірлегіміз келеді», — деді Дарын Сағдолдин.
Әдістемені даярлаушылар барлық аспектілерді, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, тамақтануды, өмір сүру жағдайларын ескереді.
«Мысалы пандемия кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар болды. Болашақта олардың қайталануын болдырмау үшін, әзірленген әдістемеде біз оларды шешудің мүмкін жолдарын ұсынамыз. Біз әдістеменің тұсаукесерін 2021 жылдың соңында өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Дарын Сағдолдин.
Сонымен қатар, «Birgemiz: Qamqor» ұлттық жобасы әлеуметтік қорғау бөлімдерімен 5 меморандумға қол қоюды, қарттардың мәдени және бос уақытын өткізуді қарастырады. Сонымен бүгін қарттар күнінде елордада жалпыұлттық жоба аясында «Қарттарға қуаныш сыйла» республикалық акциясы басталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын аға буын өкілдері үшін ұлттық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды, сонымен қатар акция демеушілерінің сыйлықтары берілді.
«Біргеміз: Qamqor» ұлттық жобасын іске асыруға кемінде 1000 ерікті тартылады.