Елімізде Брайль шрифтімен қазақ тілінде басылған кітаптар мүлдем жоқ деуге болады. Баспагерлер оларды мүлдем шығармайды. Нәтижесінде тек ескі қор ғана қолданыста.
Ержан Ибрагимов Ленин туралы өлең оқуға мәжбүр. Себебі Түркістан кітапханасында қазақ тіліндегі Брайль әріптерімен жазылған басқа әдебиеттер жоқ.
Таңдау тек бірнеше кітаппен шектеледі, олардың өздері өткен ғасырда жарық көрген кітаптар.
«Бізде орыс тілінде кітаптар көп, бірақ қазақ классикасы жоқ. Бұрын Алматыда Брайль әрпімен қазақша кітаптар шығатын орталықтандырылған баспахана болған. Бірақ 90-жылдары ол сатылып кеткен. Соның салдарынан отандық ақын-жазушылардың шығармаларына қол жеткізе алмай отырмыз», – дейді зағиптар мен нашар көретін азаматтар кітапханасының қызметкері Ержан Ибрагимов.
Қазақ классиктерін бүкіл ел бойынша, тіпті аз тиражбен тек сирек мамандандырылған кітапханалар шығарады. Бұл теңізге тамған тамшы сияқты, дейді зағип жандар. Қор Ресейден келген кітаптармен толығады.
«Қазақстанда 100 мыңға жуық зағип немесе нашар көретін адам тұрады. Бірақ оларға кітап шығаратын мемлекеттік мамандандырылған баспахана жоқ. Мұндай баспахана салу мәселесі жыл сайын көтеріледі, бірақ ол шешілмей келеді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов те зағип жандарға арналған қазақ тіліндегі әдебиеттің жай-күйіне тоқталды.
«Біз Брайль принтерлерінің қалай жұмыс істейтіні туралы шетелдік тәжірибені зерттедік. Қазір біз құрылысқа өтінім беруге дайындалып жатырмыз. Ол үшін бюджет мәселесін шешу керек. Бұл екі-үш жылдың ішінде жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз.
Кітапхана қоры отандық туындылармен толтырыла бастағанша, мамандар балама ретінде зағип оқырмандарға аудиокітаптар ұсынады», — деді Нұрғиса Дәуешов.