Қазақстанда жетім балалардың тәлімгерлері үшін міндетті сертификаттау енгізілді

30 сәуірде Білім министрлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтарды міндетті түрде оқытуды белгілеу туралы бұйрық қабылдады. Оқу аяқталғаннан кейін тәлімгердің біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
Оқытуды тәлімгерлік ұйымдар жүргізеді. Үміткерлер жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курстың соңында тестілеу жүргізіледі, оны сәтті аяқтау сертификат алуға негіз болады.
— Тәлімгерлерді міндетті аттестациялауды енгізу ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы қолдау көрсетуді қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады. Оқытылған тәлімгерлер балалардың әлеуметтенуіне және дербес өмірге дайындалуына тиімді көмектесетініне сенімдіміз, деп атап өтті ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келетін кәмелетке толған Қазақстан Республикасының азаматы тәлімгер бола алады. Тәлімгерлік тегін жүргізіледі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында 10 жасқа толған балаларды қолдауға бағытталған.
Еске салайық, тәлімгерлік институты Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы балаларға жеке қолдау көрсету мақсатында 2024 жылы енгізілген болатын. Бұл тетік білім беру ұйымдарының тәрбиенушілерін дербес өмірге дайындауға көмектеседі.