Сенатор Бауыржан Қаниев Үкіметтің негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тежеуге бағытталған шараларын сынға алды.
Палатаның жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында ол жағдайды жақсарту бойынша бірқатар шаралар ұсынды.
Сенатордың айтуынша жалпы ішкі өнімдегі отандық тауар өндірушілердің үлесі шамамен 30 пайызды құраса, азық-түліктің 70 пайызы елге импортталады, бұл бағаның өсуіне ықпал етпей қоймайды.
Депутат Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басынан бастап сәбіз 45%-ға, картоп 38,5%-ға, күнбағыс майы 16,7%-ға, пияз 10,9%-ға және қант 9,2%-ға қымбаттағаны туралы мәліметтерімен бөлісті.
«Үкімет бағаны екі жолмен тұрақтандыруға тырысуда, бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Біріншісі, кәсіпкерлерді 6 пайызбен несиелеу арқылы, бірақ бұл несиені көптеген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары ала алмайды. Екінші жол – әлеуметтік дүкендер арқылы, онда өнімдер жеңілдетілген бағамен сатылады. Бірақ мұндай дүкендер аз, олар нарық сұранысын толық қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан мұндай тәсілдер бағаға қатты әсер етпейді. Осыған байланысты Үкімет бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасын бекітіп, олардың құнының өзгеруін қатаң бақылауда ұстауы керек», — деді депутат.
Сондай-ақ Бауыржан Қаниев Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында көтерме сауда орталықтары желісін дамыту және баға белгілеуді жақсарту мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың қатысуымен кеңес өткенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша арнайы әзірленген ұсыныстар да Үкіметке жіберілген.